Қазақ геологтары Пусан қаласында өткен халықаралық конгреске қатысты

Қазақстандық делегация Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан 37-ші халықаралық геологиялық конгреске қатысты, деп хабарлайды 24KZ.

Пусандағы форум әлемнің түкпір-түкпірінен 7 мыңға жуық геологтар мен сарапшылардың басын қосты. Конгресс 4 жылда бір өтетіндіктен, оны «геологиялық олимпиада» деп атайды. Форум аясында 3 мыңнан астам ғылыми баяндама оқылып, 200 көрме ұйымдастырылды. Қазақстан ұлттық геологиялық қызметінің басшысы Ерлан Ғалиевтің айтуынша, отандық компаниялар Пусанға өздерінің минералдық-шикізаттық базасы мен өндірісін көрсету, сондай-ақ геология саласындағы жетістіктері туралы айту үшін келген.

Ерлан Ғалиев, «Ұлттық геология қызметі» АҚ басқарма төрағасы:

- Екінші мақсатымыз – тыңдау. Өйткені осында геодинамикалық модельдеу бойынша бірнеше қызықты дәрістер өтіп жатыр. Біз қашықтан зондтау арқылы Қазақстанның бүкіл аумағын қамти аламыз. Бұл ақпаратты жалпыға қолжетімді етіп, Канадада, Австралияда немесе Жапонияда, Кореяда мамандар осы ақпаратты қарап, серіктестеріне береді, серіктес бізге келіп, Қазақстанда өндіріс ашады.

Ғалым Нұржанов, геологиялық барлау компаниясының бас директоры:

- Мынау біздің геология қазір бір орында тұрмайды, күнделікті өзгеріп отыр. Мысалы, былтырғы геофизикалық технологиялар ескі болып қалды. Осы жылы жаңалар пайда болды. Үлкен каналдарын үлкейтіп отыр. Яғни, бұрын, мысалы, геофизикада «погрешность» дейді ғой, 10-15 метр болса, қазір одан да екі есе азайтты.