Астанада 26 650 бала бірінші сыныпқа барды
Бүгін Астанада 26 650 бала 1-сыныпқа барды, деп хабарлайды 24kz.
Дәл қазір арна тілшісі Еркебұлан Смадияров елордадағы мектептердің бірінен тікелей байланысқа шығып тұр.
Диктор:
- Еркебұлан, қайырлы күн! Салтанатты шара қалай өтіп жатыр? Жаңа оқу жылында қандай жаңашылдықтар бар?
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Бүгін – білім мерекесі. Оқушылар жазғы демалысты артқа тастап, жаңа оқу жылын бастағалы тұр. Салтанатты шаралар ән-күймен айшықталып жатыр. Күздің алғашқы күні-ақ ауа райы салқындап кетті. Дегенмен, көпшіліктің көңіл-күйі көтеріңкі. Мен қазір №103 орта мектептің алдында тұрмын. Оқу-ағарту министрі де осында келіп, балалар мен педагогтарды жаңа оқу жылымен құттықтады.
Сандарды сөйлетсек, жаңа оқу жылында еліміз бойынша 4 млн-ға жуық оқушы мектепке барады. Оның 352 мыңы бірінші сынып оқушылары. Күрделі жөндеуден өткен 178 мектеп бүгін есігін айқара ашты. Бір жарым мыңнан астам пәндік кабинет жаңартылған.
Цифрлық инфрақұрылымды дамыту бойынша да бірқатар жұмыс атқарылды. Мәселен, Starlink спутниктік интернеті 1 757 мектепке орнатылған. Соның нәтижесінде интернет жылдамдығы 3 есе артты. Сонымен қатар барлық оқулықты цифрландыру жұмыстары аяқталды. 11 платформада электронды нұсқалар оқушыларға қолжетімді.
Биыл мектеп бағдарламасына алғаш рет «Қауіпсіздік сабағы» енгізіліп отыр. Бұл буллингтің алдын алуға бағытталған.