Қызылорда облысында жаңа оқу жылында 17 білім беру нысанын іске қосылады

Қызылорда облысында жаңа оқу жылында 17 білім беру нысанын іске қосу жоспарланған, деп хабарлайды 24kz.

Оның ішінде 10 «Жайлы мектеп» бар. Сонымен қатар 4 апатты мектеп ғимараты қайта салынып жатыр. Бірнеше оқу ордасының жанынан қосымша ғимараттар да бой көтеруде. Осылайша, өңірде 297 мемлекеттік, 40 жеке мектеп білім күні оқушыларды қабылдады. Жаңа оқу жылындағы ерекшеліктер туралы арна тілшісі Нұрлан Жақыпбеков тарқатып айтады.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Биыл Қызылорда облысындағы мектептерде 185 мыңға жуық оқушы білім алады. Олардың 17 мыңнан астамы бірінші сыныпқа қабылданды. Яғни, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 3 мыңдай оқушыға көбейген. Бүгін аймақ мектептерінде «Мектебім, мейрім мекенім» атты салтанатты шара басталды. Сонымен қатар «Абайлаңыз, балар!» атты қауіпсіздік сабақтары да қатар өтуде. «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» демекші, полицейлер “Білім күнінен” бастап оқушылардың тәртібі мен қауіпсіздігін сақтау шараларына басымдық беріп отыр. Бұл ретте балаларға жол ережелерін түсіндіретін арнайы бейнероликтер көрсетіліп, танымдық сабақтар өткізу жоспарланған.

Айбек Құлмағамбетов, облыстық полиция департаментінің әпб бастығы:

- Республика көлемінде өтіп жатқан «Назар аударыңыз – балалар!» шарасы аясында облыстағы 335 мектептің аумағында жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарына, жол белгілері, жол үсті таңбаларына тексеру жүргізілді. Анықталған кемшіліктер бойынша жергілікті атқарушы органдарға 118 нұсқама, 18 ұсыныс-хабарлама жолданып, көліктің жылдамдығын мәжбүрлеп азайтуға арналған жасанды тегіс-еместіктің 54, жол белгілерінің 112 данасы қайта қалпына келтіріліп, жаңадан 62-і орнатылды. 308 жаяу жүргіншілер өткелінің таңбалары жаңартылды.

Жаңа оқу жылындағы тағы бір ерекшелік – оқушылар мектепке жеке сәйкестендіру картасы арқылы кіріп-шығатын болады. Бұл жүйе оқу ошағындағы кітапхана, асханаға де енгізіледі. Осылайша, ата-аналар балаларының мектепке барғанын, қандай ас ішкенін, тіпті кітапханадан қандай оқулық алғанына дейін онлайн бақылайды. «Әзірге мұндай жаңашылдық аймақтағы 87 мектепте қолға алынды. Сонымен қатар балаларды енді мұғалім емес, жасанды интелект бағалайды», - дейді өңірдің бас ұстазы.

Асқарбек Есжанов, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Бұрын өздеріңіз білесіздер, бағалауды мұғалімдер қолмен тексеріп шығатын. Енді компьютерге арнайы бағалау жүйесін енгізеді, оқушының жауабын салады, енді мұғалім емес, бағаны компьютер шығарып береді. Әділ баға болады. Бұрын көтермелеу, адами фактор, байқамай қалу. Сондықтан қателіктер болатын болса, бұл жолы компьютер баланың бағасын есептеп шығарып беріп отырады.

Бұған дейін облыстағы 41 білім ұясында интернет жылдамдығы мәз емес еді. Мамандардың айтуынша, бұл мәселе спутниктік қондырғылар арқылы шешімін тапқан. Айта кетейік, өңірде бүгінгі күні үш ауысымда оқытатын мектеп жоқ.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев