Астанада математиканы тереңдетіп оқытатын мектеп ашылды

Астанада логикалық математиканы тереңдетіп оқытатын мектеп ашылды, деп хабарлайды 24KZ.

Білім ордасында бала бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, ағылшын тілі мен IT бағыты да үйретіледі. Басты мақсат – бәсекеге қабілетті зерделі тұлға қалыптастыру. Оқу ордасы халықаралық стандартқа сай салынған. 

Айта кеткен жөн, мектепте халықаралық олимпиадаларда жүлделі орын алған білікті ұстаздар жұмыс істейді. Биыл ҰБТ қорытындысы бойынша 140 балл жинаған оқушы – осы мектептің түлегі.

Мәуіт Ырысбек, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері:

- Бастауыш сыныптағы кейбір күрделі есепті оңай тәсілмен шешуге өзімнің көптеген авторлық әдістемеміз бар деп айтуға болады. Математикалық сауаттылық дегенді қазір көп айтып жатыр. Бұның барлығы айналып келгенде логикаға тіреледі. Логикасы мықты бала ертең ол кез келген жерден, кез келген салада, қызметте, нәтижеге, табысқа жете алады.