Елімізде «Жайлы мектеп» жобасы аясында 20 нысан қолданысқа берілді
Елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 20 нысан қолданысқа берілді, деп хабарлайды 24kz.
Соның бірі елордада ашылып отыр. Ғимаратта екі ауысым бойынша 4 мың бала қабылдауға болады. Бастауыш пен жоғары сынып оқушылары үшін бөлек ғимарат қарастырылған.
Жаңа мектепте 1600-ге жуық бала партаға отырды. Оның 175-і бірінші сынып оқушысы. Мұнда сапалы білім берумен қатар қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және балалардың шығармашылығын дамытуға ерекше мән берілген. Пәндік кабинеттер толық жабдықталды.
Елдар Исабай, 11-сынып оқушысы:
- Біздің сынып толығымен осы мектепке ауысты. Сол себепті сыныбымнан қалмайын деп осында ауыстым. География-математика пәндері бойынша сыныптар жақсы даярланған. Сыныптар біз үшін өте қолайлы жасалған.
Қадыржан Тымбаев, қала тұрғыны:
- Мектеп заманауи салынған. Ішін аралап көрдік жаңа. Немеремді осы мектепке алып келдік, 1-сыныпқа. Осы мектептен ілім алып, Қазақстанымыздың өсуіне әрі қарай үлестерін қосады деп ойлаймыз.
Маңайда бой көтеріп жатқан тұрғын үйлер кешені көп. Сондықтан қысқа қарай оқушылар саны 2,5 есе көбеюі мүмкін. «Оларды қабылдауға мектептің жобалық мүмкіндігі жеткілікті», - дейді мамандар.
Жанат Айтова, №103 орта мектебінің директоры:
- Тұрғын үйлердің кілттері жаңа жылда беріледі. Сол кезде жоспар бойынша бұл мектепте 3 мыңнан аса оқушы жинақталады деп отырмыз. 21 педагог-шебер, 20 педагог-зерттеуші, 20 педагог-эксперт және 26 жас маман қабылдап отырмыз.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл елімізде 302 мектеп салу жоспарланған. Соның 70-і жаңа оқу жылында есігін айқара ашты. Оның ішінде 20 жайлы мектеп бар. Ұлттық жоба орын тапшылығын шешуге және қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Жайлы мектептерге тағайындалып жатқан мектеп басшыларын арнайы оқудан өткіздік. Бұл «Мың өзгерістер көшбасшысы» бағдарламасы бойынша дайындалды. Цифрлық шешімдер және жасанды интеллектінің де элементтері қолданыла отырып, әрбір баланың табысты да білімді болып шығуына бағытталған.
Сонымен қатар 200-ге жуық мектеп күрделі жөндеуден өтті. Оқулықтарды цифрландыру жұмыстары аяқталды.
Айта кетейік, елімізде жаңа оқу жылын 4 млнға жуық бала қарсы алды. Оның 352 мыңы мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отыр.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Бағдат Қайрекен