Ақтауда 63 мектеп шәкірттерге есігін айқара ашты
Білім күні Ақтауда 63 мектеп өз жұмысын бастады, деп хабарлайды 24KZ.
Соның ішінде 12 білім ұясы бүгін қолданысқа беріліп отыр. Заманауи үлгідегі мектептің бірі жаңа мөлтекаудандардың бірінде ашылды. 1200 орындық білім беру мекемесінде дәріс қазақ және ағылшын тілінде жүреді. Бір қуантарлығы, көптеген ата-ана өз перзентін басқа шағынауданға тасымалдау машақатынан құтылды.
Жаңа мектептің бірі 18А мөлтекауданда ашылды. Аумағы 27 мың шаршы метр болатын білім ұясы – қазақстандық кәсіпкерлердің балаларға жасаған тартуы. Ғимарат ортасындағы шағын бақта оқушылар сабақтан тыс уақытын өткізіп әрі жасыл желек күтімімен айналыса алады. Мұндағы оқу кабинеттері әлемдік тәжірибеге сай жабдықталған.
Гүлжанат Үдербаева, қала тұрғыны:
- Бірінші сыныпқа қазақ сыныбына барып жатқан қызымыз Қымбат алғаш рет мектеп табалдырығын аттап отыр. Халықаралық деңгейде ІB бағдарламасы бойынша Ақтау қаласындағы оқушылардың, балаларымыздың академиялық білім алуларына мүмкіншілігі барына өте қуаныштымыз.
Мирболат Жақыпов, мемлекет және қоғам қайраткері:
- Айтайын дегенім, бірлік болса, осындай үлкен деңгейге жетеміз. Ұстаздарды да құрылтайшылар осы Қазақстаннан жинады. Білім сертификациясынан өткендер, шетелде оқыған өзіміздің қазақ қыздар-жігіттер бар. Ең бастысы, қазақ тілі, ана тілімізден басталады. Басқа тілдерді де үйретеді. Ағылшын, француз, неміс, түрік тілі.
Бүгін Ақтаудағы 63 мектепте алғашқы қоңырау соғылды. Қала бойынша 7,5 мың бала бірінші сыныпқа қабылданды. Айта кетсек, білім беру мекемелерінің 30-ға жуығы мемлекеттік, қалғаны – жекеменшік нысандар.
Күлпан Мирова, қалалық оқу-әдістемелік орталығының директоры:
- Биыл жекеменшік мектептерден 10 мектеп іске қосылып жатыр. 2 мемлекеттік мектеп. Балабақшаны айтатын болсақ, 35 мемлекеттік балабақша, 100 жекеменшік балабақшамыз бар. Жалпы Ақтау қаласы бойынша бала саны 67 мыңға жуық қазір.
Білім күні Маңғыстау облысында 199 мектепте салтанатты шара өтті. 19 мыңға жуық бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Ал ертеңгі күні аймақта 188 мың оқушы мен 21 мыңдай студент сабаққа қатысады.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.