Алматы облысында 3200 оқушыға арналған 3 мектеп пайдалануға берілді

Алматы облысында білім беруді жақсартуға бағытталған кең ауқымды жоба аясында 3200 оқушыға арналған 3 жаңа мектеп ғимараты салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды 24KZ.

Еңбекшіқазақ ауданында 900 орындық 2 орта білім ошағы, Қарасай ауданындағы Қошмамбет ауылында 1200 орындық мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Соңғысы Президенттің пәрменімен жүзеге аса бастаған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерді. Алматы облысында 2025 жылға дейін «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 53 мектеп салу жоспарланған. Өңірде білім күнінде 35 631 бала бірінші сыныпқа барды.

Әсел Еркінбаева, Қарасай аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Қошмамбет ауылында бір мектеп болатын. Жобалық қуаттылығы 600 орынға арналған мектепте 2700 оқушы үш ауысымда оқып келді және осы маңайдан біз 700-ге жуық баланы ескі мектепке тасымалдап оқытқанбыз. Бұл жерде енді қазіргі таңда бізде үш ауысымдық мәселе шешіліп тұр. Сонымен қатар балалардың тасымалдау мәселесі шешіліп тұр.

Мәншүк Қибыраева, Қошмамбет ауылының тұрғыны:

- Бізде балалар автобуспен барушы еді. 2 тасымалмен. Ол қиындау болатын еді балаларға. Қазір, мінеки, жаңа мектебіміз сондай керемет, ұнап жатыр. Үйдің қасына жақын жерде. Балаларға жайлы мектеп екен. Ауылымызда осындай мектеп ашылғанына өте қуаныштымыз.