Оқу жылы басталды. Биыл 20 «Жайлы мектеп» ашылды

Елде жаңадан 70 мектеп ашылды. Оның ішінде 20 білім ошағы Президент пәрменімен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған.

Бұл ғана емес, жыл соңына дейін тағы бірнеше білім ордасы бой көтереді. Осылайша үш ауысымды мектеп мәселесі шешімін табуға тиіс.

Биыл 90 мыңға жуық оқушы жаңа мектептердің табалдырығын аттады. Оның ішінде «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған білім ошақтары да бар. Олар заманауи техникалармен жабдықталған. Бастысы жоба кезінде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мән берілген. Осындай білім ордаларының бірі – елордадағы нөмірі 99-мектеп.

Бағдат Құдайбергенова, қала тұрғыны:

- Үйіміз қасымызда болғаннан кейін, көптен күткен 99-мектеп дайын болған соң баламызды беріп отырмыз. Барша ұстаздар қауымына алғыс айтамыз. Балаларымыздың зейіні ашылсын. Еліміздің мақтанышы болсын.

Бас қалада бой көтерген жайлы мектептің ашылу салтанатына оқушылар және ата-аналармен қатар Үкімет басшысының бірінші орынбасары да қатысты. Роман Скляр жиналғандарды білім күнімен құттықтап, баршаға жаңа оқу жылында сәттілік тіледі.

Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

- Мектептің басты ерекшелігі – цифрлық технологияларды кеңінен қолдану және инклюзивті білім беруді жүзеге асыру. Бұл мектепте сәулетіне сай сапалы тәрбие және білім процесі ұйымдастырылады деп сенеміз.

Жаңа оқу жылында 4 миллионға жуық бала білім алады. Оның 350 мыңнан астамы мектеп табалдырығын алғаш аттады. Енді олар білім нәрімен сусындап, ұстаздарынан тәлім мен тәрбие алатын болады. 101-мектепте өткен алғашқы қоңырау салтанатында вице-премьер Тамара Дүйсенова бүлдіршіндерге жарқын болашақ тіледі.

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Бүгін Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа заманауи мектеп ашылды. Жаңа ішін аралап, мектеп табалдырығын алғаш аттап отырған балғындарға жақсы жағдай жасалғанын көрдім. Бүгінгі білім күнімен құттықтай отырып, сендерге осы жерден сапалы білім алып, еліміздің абыройлы азаматы атануды тілеймін.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған №104 мектептің салтанатты ашылуына қатысты. Оқушылар мен ұстаздарға жаңа оқу жылында сәттілік тілеген Минитстр «Жайлы мектеп» жобасының ерекшелігі  – білім алушылар мен педагогтерге қауіпсіз және жайлы жағдай жасау, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз кеңістік құру қарастырылған, -деп атап өтті.

Сондай-ақ, Білім күні Қарағандының «Кеңдала» шағын ауданында 2000 орынға есептелген алғашқы жайлы мектеп ашылды. Бұл қаланың оңтүстік-шығыс бөлігіндегі төрт мектептегі жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді. Бірінші кезекте мұнда Әлихан Ермеков атындағы мектеп-лицей оқушылары көшіп келді. Ашылу салтанатына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қатысты. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» жобасы апатты мектептерді жоюға, оқушы орындарының тапшылығын еңсеруге және жайлы білім беру процесін қамтамасыз етуге бағытталған, – деді министр.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл елімізде 302 мектеп салу жоспарланған. Соның 70-і жаңа оқу жылында есігін айқара ашты. Оның ішінде 20-сы "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында салынған. Бұл білім ошақтарындағы орын тапшылығы мәселесін шешуге және қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- «Жайлы мектептерге» тағайындалып жатқан мектеп басшыларын арнайы оқудан өткіздік. Бұл "Мың өзгерістер көшбасшысы" бағдарламасы бойынша дайындалды. Цифрлық шешімдер және жасанды интеллектінің де элементтері қолданыла отырып, әрбір баланың табысты да білімді болып шығуына бағытталған.

Білімді ұрпақ – ел ертеңі. Ал сапалы тәлім мен тәрбие мұғалімдердің еңбегімен қатар, мектепте жасалған жағдайға да байланысты. Заманауи білім ошақтарының бой көтеріп жатқанына ата-аналар да дән риза.

Қадыржан Тымбаев, қала тұрғыны:

- Мектеп заманауи салынған. Ішін аралап көрдік жаңа. Немеремді осы мектепке алып келдік, 1-сыныпқа. Осы мектептен білім алып, Қазақстанымыздың өсуіне әрі қарай үлестерін қосады деп ойлаймыз.

Жалпы, ел аумағында сегіз мыңға жуық мектеп бар. Оның 178-і күрделі жөндеуден өтіп, жаңа оқу жылына орай ашылды. Жаңғырту жұмыстары жүргізілген мыңға жуық ауылдық орта білім беру ұйымдары да өз қызметін бастады. Өңірлердегі бейінді құрал-жабдықтармен 1,5 мыңнан астам пәндік кабинет жарақтандырылып, дайын тұр. Бұдан бөлек, инклюзивті мектептердің үлесі 88 пайызға, ал балаларды арнайы қолдаумен қамту деңгейі 80 пайызға өсіп отыр.

Серік Селеубайұлы, Бағдат Қайрекен, 24.KZ.