Жаңа оқу жылында 70 мектеп ашылды
2025 жылға дейін 217 жайлы мектеп ел игілігіне беріледі. Бұл туралы Мемлекет басшысы бүгінгі Қазақстан халқына жолдауында айтты, деп хабарлайды 24kz.
Биыл 70 білім ордасы ашылса, оның 20-ы жайлы мектеп. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін тағы бірнеше оқу ордасы пайдалануға берілмек. Осылайша, үш ауысымды мектеп мәселесі шешімін тауып қалар.
Биыл білім күнінде елде 70 мектеп ашылды. Бұл дегеніңіз, 90 мыңға жуық бала оқу маусымын жаңа білім ордасында бастады деген сөз. Халық игілігіне берілген нысандардың ішінде жайлы мектептер де бар. Олар заманауи техникалармен жабдықталған. Сондай-ақ қауіпсіздік жайы да қаперден тыс қалмайды. Осындай білім ордаларының бірі – елордадағы №99 мектеп.
Бағдат Құдайбергенова қала тұрғыны:
- Үйіміз қасымызда болғаннан кейін көптен күткен №99 мектеп дайын болып, баламызды беріп отырмыз. Барша ұстаздар қауымына алғыс айтамыз. Балаларымыздың зейіні ашылсын. Еліміздің мақтанышы болсын.
Бас қалада бой көтерген жайлы мектептің ашылу салтанатына оқушылар және ата-аналармен қатар Үкімет басшысының бірінші орынбасары да қатысты. Роман Скляр келешек ұрпақтың сапалы білім алуына қашанда басымдық берілетіндігін айтты. Ал вице-премьер Тамара Дүйсенова №101 мектепте өткен алғашқы қоңырау салтанатына қатысқан болатын. Өркениетті қоғамға ілесе алатын білімді ұрпақ тәрбиелеу аса маңызды. Әлем елдерімен қабырғасын теңестіруді бағыт етіп отырған елдің білімді азаматтары болашақты гүлдендіреді.
Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Бүгін Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа заманауи мектеп ашылды. Жаңа ішін аралап, мектеп табалдырығын алғаш аттап отырған балғындарға жақсы жағдай жасалғанын көрдім. Бүгінгі білім күнімен құттықтай отырып, сендерге осы жерден сапалы білім алып, еліміздің абыройлы азаматы атануды тілеймін.
Бас-аяғы биылғы оқу жылында 4 млн-ға жуық бала білім алады. Оның 350 мыңнан астамы мектеп табалдырығын алғаш аттады.
Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы