Цифрлық сауаттылық. 2026 жылы тағы бір пән енгізіледі
Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында мектептер мен жоғары оқу орындарында цифрлық сауаттылықтың оқу бағдарламасын енгізуді тапсырды.
Себебі цифрлық технологиялардың өмірімізге енуі елде интернет-алаяқтықтың өршуіне алып келді дейді.
Мысалы құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәлімдеуінше биыл 10 мыңға жуық интернет-алаяқтық тіркелген. Бұл былтырғымен салыстырғанда 4,1 пайызға көп. Бұлардың төрттен бір бөлігі, яғни 2400-ден астамы онлайн саудамен байланысты. Сол секілді жеке деректерге қол сұғатын алаяқтықтың«фишинг» түрі де 2400-ге жуықтаған. Заңбұзушылықтың көбі Астана және Алматы қалаларында тіркелген.
Руслан Қаратабанов, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті:
- Осындай қиындықтардың бәрін саралай келіп, 2026 жылы кіретін стандартта цифрлық сауаттылықты бүкіл пәннің мазмұнына қосып отырмыз. Мәселен, химияны үйретіп отырсаң, онда виртуалды лаборотория деген бар, сол әртүрлі реакцияларды зерделей отырып, осы цифрлық сауаттылықты дамытады. Немесе құқық негіздерінде кибералаяқтық, киберқауіпсіздік деген нәрселерден парольді қалай жасау керек, түйіндеу керек деген сияқты, құпиялықты қалай сақтау керек деген сияқты дағдыларды біз бүкіл пәндерге қосып отырмыз.