Ғалымдар: АЭС қауіпті емес
Атом электр стансысы энергетика саласымен қоса ғылыми-техникалық инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында бас қосқан жас ғалымдар осылай дейді. Жиынға қатысушылардың айтуынша, АЭС – жоғары технологиялық қондырғы. Ол көптеген салаға оң әсер етеді. Сондықтан технологиялық дамудан бас тартпауымыз қажет. Ал мамандар дайындауда мәселе туындамайды. 10-12 жылда жеткілікті кадрлар дайындап шығуға уақыт бар. Оған жағдай жасалып отыр. Мектеп түлектерінің арасында да осы салада білім алғысы келетіндер саны жылдан-жылға артып келеді.
Медеу Әбішев, физика-математика ғылымдарының докторы:
- Бізде Ядролық физика инистуты бар. Жетекші университеттер ядролық физика саласында ғылыми зерттеулер жүргізеді және бүкіл дүниежүзінің алдыңғы қатарлы осы ядролық физика орталықтарымен қатынас орнатып, мамандарды тәжірибе алмасуға және жас мамандарды, студенттерді сол жаққа тағылымдама алуға жібереміз. Басқаша айтқанда, дүниежүзілік қоғамдастықта біздің орнымыз елеулі деп айтуға болады.