Елдегі 7 ЖОО атом өнеркәсібі саласына маман дайындайды

Елімізде атом электр стансысын салу мәселесін Шығыс Қазақстан облысындағы ядролық физика мамандары да қызу талқылап жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Олар электр қуатын тұтыну көрсеткішінің жылдан-жылға артып келе жатқанын алға тартады. Ал атом электр стансысы ел аумағындағы үлкен қалалар мен ірі кәсіпорындардың сұранысын толық қамтамасыз ете алады. Энергетика министрлігінің ресми мәліметіне сүйенсек, алдағы 6 жылда 6 гигаватт электр энергиясына тапшылық туындауы мүмкін. Президент те осы себепті атом энергетикасын дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр. Қазір әлемнің 30 елінде 200-ден астам атом электр стансысы жұмыс істеп тұр.

Ресей өткен жылы Қазақстанға 5 миллиард киловатт сағат электр қуатын экспорттады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Еліміздің шет елдерден электр энергиясын сатып алуы 29% дейін ұлғайды. Сол себепті сала мамандары Қазақстанға атом электр стансысын салу қажет деп есептейді. Бұрынғы энергетиктердің көбі зейнет жасына таяп қалды. Ал жылу электр стансыларын экологиялық тұрғыдан тиімді деп айта алмайсың. Көмірмен жұмыс істейтін нысандардан бір гигаватт-сағат электр қуатын өндіру үшін атмосфераға 970 тонна зиянды газ таралады. Олардың қуаттылығы атом электр стансысына қарағанда 10 есе аз. Сондықтан да қазақстандық энергетиктер бұл салаға жаңа буын жастарды көптеп оқыту керек деген пікірде.

Александр Фафенгут 30 жылдан астам уақыт бойы еліміздің энергетика саласында қызмет етіп келеді. Ол бүгінде өзінің жинаған бай тәжірибесін студенттерге үйретіп жүр.

Александр Фафенгут, ҚР еңбек сіңірген энергетигі:

- Мен 1, 2 курс студенттеріне дәріс оқып жүрмін. Оларды теориялық білімді практикамен ұштастыруға баулимын. Шәкірттерім өндіріске барғанда еш қиналмайтындай болуы керек. Сол үшін талмай еңбек етіп жатырмын.

Атом электр стансысына қажетті кадрлық резерв еліміздің 7 техникалық жоғары оқу орнында даярланады. Қазірдің өзінде ондағы білім бағдарламасына үлкен өзгеріс енді. Бұдан былай практикалық тәжірибеге басымдық беріледі. Өскемендік студенттер 10 жылдан астам уақыттан бері тәжірибелік реакторлармен жұмыс істейді. Солардың бірі – Медет Манышев. Ол колледжден кейін жоғары оқу орнына түсіп, өндірістік тәжірибеден өтті.

Медет Манышев, студент:

- Осы университетті бітіргеннен кейін электр энергетикасы бойынша жұмыс істегенге өзімнің құлқым бар. Жалпы негізі қандай жерде де істеуге болады. Қазақстанда осы электр энергетика бойынша жұмыс істейтін кадр өте тапшы болып жатыр. Сондықтан бізде жаңадан салынатын атом электр стансылары, жылу электр стансылары және басқа да болсын тарату стансылары, сол жердің барлығында жұмыс орындары ашылады. Сол жерде біздің түлектеріміз қажет болуы керек.

«Елімізде салынуы мүмкін атом электр стансысының құрылысына ең кемі 10 жыл кетеді. Біз осы уақыт ішінде онда жұмыс істейтін мамандарды даярлап шығаруымыз қажет және бұл мақсатқа жететінімізге сенімдімін», – дейді Шығыс Қазақстан техникалық университетінің деканы Айбек Ақаев.

Айбек Ақаев, Шығыс Қазақстан техникалық университетінің деканы:

- Қазіргі таңда Қазақстанда 3 реактор сәтті жұмыс істеп тұр. Ол Алматы қаласында және Курчатов қаласында. Егер кадр даярлау жөнінде біздің осы Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан университетіне келсек, бізде осы жалпы энергетика, дәстүрлі энергетика және альтернативті энергетика бойынша кадрлар дайындау, әрине, жолға қойылған. Егер атом саласына келетін болсақ, біздің тәжірибеміз бұл жерде бар. Біз мына осы Өскемен қаласында орналасқан Үлбі металлургия зауытының тапсырысы бойынша, ядролық энергетика бойынша материалдар және уран өнімін инновациялық өндіру бойынша магистрларды дайындап шыққанбыз.

Қазақстанның энергетикалық секторы заман талабына сай дамып отыруы тиіс. Елімізде қазір 100-ден астам күн және жел электр стансысы жұмыс істеп тұр. Үлкен аумақты алып жатқан бұл нысандар 2 мың мегаваттан астам электр қуатын өндіреді. Ал атом электр стансысының екі блогының өзі 3 мың мегаваттан астам электр энергиясын өндіре алады. Референдум арқылы қолдау тапса, республикада ең жоғарғы қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз етілетін болашақтың атом электр стансысын салу нұсқалары қарастырылады.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Вячеслав Ветлугин, Жігер Бабақанов.