Ұрпақ тәрбиесі ұстаз қолында

Білікті ұстаз кәсібіне адал, жауапты тұлғаны мектеп қабырғасынан тәрбиелеуі тиіс.

Астанаға арнайы келіп, Президент жолдауын тыңдап қайтқан ақтөбелік педагог Баян Базарғалиева сапардан алған әсерімен бөлісті. Айтуынша, ұстаздар қауымының қоғам алдындағы жауапкершілігі мол.

Мемлекет басшысы жолдауда «Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайық бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет» деген. Бұл қағидатты тәжірибелі мұғалім оқушыларына ұдайы айтып отырады. Әр мамандықтың қадірлі екенін бала күннен бастап санаға сіңірген абзал.

Баян Базарғалиева, облыстық мамандандырылған "Білім-инновация" лицей-интернатының мұғалімі:

- Қазақстан Парламентінің бірлескен сессиясында Президенттің жолдауын тыңдау құрметіне ие болдым. Бұл ұстаздар тарапына жасалған үлкен құрмет, үлкен жауапкершілік деп түсінеміз. Президентіміз өз жолдауында "Ұстаздар - ұлттың зияткерлік қуаты" - деді. Сондықтан әр оқушы мектепте қай мамандықтың да қадірлі екендігін бойына сіңіріп өсуі керек. Ең бастысы өз кәсібіне, өз мамандығына адал қызмет етуді мектептен бойына сіңіріп өсуі керек.