Жетісу облысында 7 «Жайлы мектеп» салынады

Жетісу облысында биыл 2 «Жайлы мектеп»  қолданысқа беріледі, деп хабарлайды 24KZ.

Келесі жылы тағы бесеуі бой көтереді. «Жайлы мектеп» – сапалы білімнің кепілі», – дейді Жетісу облысының мұғалімі Светлана Исаева. Ұлағатты ұстаз Президент Жолдау жариялаған Парламенттің ІІ сессиясына қатысты. Ол саналы ғұмырының 43 жылын бала оқытуға арнаған. Бүгінде Талдықорғанның Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясында қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ береді. «Президенттің білім саласына қатысты айтқандарын көңіліме түйіп қайттым», – дейді. «Әсіресе «Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлген абзал» деген тұсы көңілімнен шықты», – дейді ол.

Светлана Исаева, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы:

- «Жайлы мектеп» мына бүгінгі ұрпаққа заманауи тұрғыда озық білім алуға жағдай жасап отырған ұстаздар үшін де, өскелең ұрпақтар үшін де  мемлекеттің бізге деген қамқорлығы деп санаймын. Мемлекет басшысының «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты» деген сөзі маған ерекше қанат бітірді.