Елімізде инклюзивті білім берудің сапасы артады

Елімізде инклюзивті білім беру саласында психологиялық-педагогикалық қолдаудың 3 деңгейлі моделі енгізіледі.

Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады. Бірінші деңгейде педагог баланың жеке ерекшеліктерін ескеріп оқытады. Ол нәтиже бермесе, мектеп деңгейіндегі логопед, дефектолог, психолог, әлеуметтік педагог мамандары жұмылдырылады. Тіпті қажет болған жағдайда терең кәсіби құзыреті бар мамандар көмекке келеді. Яғни бала өзіне қажетті барлық қолдауды бір жерден алады.

Еркегүл Қайрат, тілші:

- Ақбота Қайырбайдың баласына 3 жасында аутизм диагнозы қойылған. Бүлдіршіннің болашағы үшін ол Қызылордадан көшіп, елордаға қоныс аударады. Диагнозды қабылдау оңай болмаса да, баланы қоғамға қосу үшін жас ана аянбады. Нәтиже де жаман емес. Әлімжан қазір инклюзивті кабинеті бар №3 мектеп-гимназиясының 2-сыныбында оқып жүр. Ақбота сабақ басталарда ата-аналар чатына аутизм туралы ақпарат жіберіп, ортасын алдын ала дайындаған.

Ақбота Қайырбай, Әлімжанның анасы:

- Барлығымыз мектеп пен ата-ана болып бір-бірімізбен жұмыс істеуді үйрендік. Өткен жылы алғаш мектепке келгенде балаға 30 оқушының ортасында отыру қиындау болды. Басында Әлімжан кабинеттен шығып кетіп, тыныш жерді іздеп, мектептің ішінде жүретін. Қазір сыныптастарының ортасында басқаларына кедергі келтірмей отыратын болды. Сонымен қатар олармен бірге қандай да бір тапсырмаларды орындайтын болды. Жақсы нәтиже бар. Әлімжанның сыныптастарына және ата-аналарына алғысымды айтамын. Себебі ата-аналар түсіністікпен қабылдайды, балалар Әлімжанмен қалай сөйлесу керек екенін біледі.

Бұл мектепте инклюзивті қолдау кабинеті былтыр ғана ашылған. Қазір мұнда ерекше білім беруді қажет ететін 7 бала оқиды, олардың көбінде аутизм диагнозы бар. Ұстаздардың ерекше балалармен жұмыс істеу тәжірибелері болмаған соң қосымша методикалық әдістерді меңгеру керек болғанын айтады мектеп басшылығы.

Эльмира Муханбедина, №3 мектеп-гимназиясының директоры:

- Тағы қосымша балалардың қасында жүретін педагог-ассистенттерді табу керек болды. Өзіңіз көргендей, балалар сыныпта көп отыра алмайды, демалатын жеке бөлме қажет. Кабинетте баламен әрі қарай мектеп бағдарламасын меңгеруге ассистент-педагогтер көмектеседі. Мамандар ерекше балаларға арналған арнайы бағдарламаны дайындауға көмектесті.

Жалпы еліміздегі мектептерде 1051 инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс істейді. Ерекше қажеттілігі бар балалардың құқығы ешкімнен кем емес. Сондықтан қолданысқа енгізілгелі отырған 3 деңгейлі модель баланың қабілетін ашуға мүмкіндік береді. Демек, балаға сыныпта беріліп жатқан білім жеткіліксіз болса, оған қосымша мамандар жұмылдырылады. «Ол логопед, дефектолог, психолог, әлеуметтік педагог болуы мүмкін», - дейді білім саласының мамандары.

Лаура Бұтабаева, ҚР Оқу ағарту министрлігі Инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры:

- Бір мектепте естімейтін, аутизмге шалдыққан бала болуы мүмкін. Оған сурдопедагогтың қолдауы қажет болуы мүмкін, аутизмге шалдыққан болса, клиникалық психолог деген сияқты. Сол кезде мектептен тыс арнайы білім беру ұйымдарынан қажетті мамандарды тарту арқылы балаға өзінің деңгейіне қажетті қолдауды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар саны еліміз бойынша 200 мыңнан асады. Сондай-ақ қазір елдегі инклюзивті білім беруді жолға қойған мектептердің үлесі 88%-ке артып отыр. Алайда педагог-ассистент мамандарының тапшылығы байқалады.

Авторлары: Еркегүл Қайрат, Жандос Битабаров