Шымкентте ерекше балаларға кәсіптік білім беретін колледж ашылды

Шымкентте ерекше күтімді қажет ететін балаларға кәсіптік білім беретін колледж ашылды, деп хабарлайды 24kz.

Енді орта білімді тәмамдаған әрбір жас мектеп интернаты жанындағы оқу ордасында ағаштан жасалған бұйымдарды құрастырушы және тігінші мамандықтарын меңгеріп шығатын болады. Колледжге қазірдің өзінде 48 талапкер құжат тапсырып, студент атанды.

Мектеп интернатын бітірген Ерасыл енді колледжде 3 жыл кәсіптік білімін жетілдіреді. Осы аралықта станоктармен жұмыс істеуді үйреніп, «ағаш шебері» мамандығын меңгеріп шықпақ. Анасының айтуынша, психикалық дамуы тежеліп, тілі кеш шыққан ол еңбекке бұрыннан епті.

Перизат Әшірбаева, қала тұрғыны:

- Тек ағаш жағынан емес, кеше барып тігуді де үйреніп жатыр. Инені өмірінде ұстамаған. Бір сызықпен матаға түсіріп берсе, соны тігіп жатыр. Мен соған өте қатты қуандым. Балам әрі қарай өзімен өзі болып, бір мамандық иесі болып шығады деп ойлаймын.

Елдегі жалғыз инклюзивті білім беру ордасына Ерасылдан өзге 47 бала оқуға қабылданды. Оның 22-сі осы ағаш ұстасы болуды қаласа, қалғаны тігіншілікке құжат тапсырған. Академиялық еркіндік берілген колледждің оқу бағдарламасы да өзгерек.

Зарифжан Құрбанбаев, директордың оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары:

- Бағдарламаларды жеңілдетіп жазамыз және осы бағдарлама бойынша сабақ өтеміз. Практикалық сабақ пен теориялық сабақтарды бірге алып жүреміз. Өйткені олар сабақ өту кезінде көп нәрсені тез ұмытып қалады.

Ал Сайрам көмекші мектеп интернатының өзі осыдан 45 жыл бұрын құрылған. Қазір мұнда 300-ге тарта бала білім алады. Арнайы тәрбие мен оқу бағдарламасы қатар үйретіліп, өмірге бейімделеді. Енді кәсіптік мамандықты меңгергендер тұрақты жұмысқа орналаса алады.

Жадыра Таңатарова, Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжінің директоры:

- Отандық тігін фабрикалары мен ағаш өңдеу шеберханаларымен келісімшартқа отырып жатырмыз. Еңбек кодексіне сәйкес әрбір мемлекеттік және жекеменшік жұмыс орындарында 3% ерекше азаматтар жұмыспен қамтылуы керек дейтін заң бар. Соған сүйене отырып, біз балаларымызды әрмен қарай жұмысқа орналастыруды көздеп отырмыз.

Алдағы уақытта ата-ана сұранысы бойынша аспаз, аяқ киім шебері сияқты мамандықтар да қосылмақ. Сонымен қатар жаңа салаларға жатқызылған мобилограф, ІТ технология сынды топтар ашу жоспарланып отыр.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы