Көшпенділер ойындарына 12 елден 40-қа жуық ғалым қатысады
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ғылыми бағдарламасына 12 елден 40-қа жуық ғалым келді.
Олар «Көшпенді халық: тарих, таным, тағылым» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында ұлттық спорт, тарих пен мәдениет салаларындағы өзекті мәселелерді талықыға салады. Спикерлер алдын ала өтінім жіберу арқылы іріктелген. 1 ақпаннан 30 маусым аралығында 100-ден астам өтінім қабылданса, соның ішінен 75 адам таңдалды. Шетелдіктермен қатар, 30-ға жуық өз ғалымдарымыз да пікірін ортаға салады. Ойындар аясында ұйымдастырылған ғылыми конференция қыркүйектің 9-ы мен 11-і аралығында өтеді.
Арайлым Зият, V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны дирекциясының ғылыми бағдарлама жетекшісі:
- Негізгі біздің конференцияның мақсаты - осы көшпенділерге байланысты тақырыптарды талқылап, дискуссияға шығару. Мысалы ұлттық спортқа байланысты әр мемлекетте ұлттық спортты дамытуға қандай қадамдар жасалып жатқанын және де Қазақстандағы ұлттық спорттың проблематикалық сұрақтарын талқылап бастауға қадам жасағымыз келеді.