Павлодарда ғылыми-инновациялық хакатон өтті

Павлодарда қазақстандық металлургияның өзекті мәселелері талқыға түскен ғылыми-инновациялық хакатон өтті.

Біздің елдің ғалымдары болашақта алюминий саласының ғылыми-технологиялық даму картасын жасауға көмектесетін жобаларды жетілдірді. Инновациялық хакатон ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен өтті.   

Ведомство аталған форумды ғылымды коммерцияландыру форматында ұсынып отыр. «Мұндай идея нақты технологиялық міндеттерді шешіп, ғалымдар мен өндірісте  қызмет ететін азаматтардың  күш-жігерін біріктіруге мүмкіндік береді» - деп мәлімдеді вице-министр Дархан Ахмед-Заки. Хакатонға қатысушылар алюминий зауыттарының жабдықтарын жаңғыртуды және алюминий өндірісінің қалдықтарын қайта өңдеуді модельдеу нұсқаларын да талқылады. Басым міндеттердің қатарында Павлодар алюминий зауытының өнімінен галийді алудың тиімді әдістері де бар.

Айдархан Қалтаев, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ғылыми зерттеу зертханасының меңгерушісі, профессор:
- Осы кейінгі кезде хакатон ұйымдастырып, ғалымдарды өндірістегі проблемалармен таныстыруға, өндіріске жинап өткізіп жүр. Менің ойымша бұл өте жақсы идея, енді әрине бір-екі жылда көрінеді қаншалықты мұның шындығында пайдалы болатынын біздің елімізге.

Дархан Ахмет-Заки, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:
- Бүгінгі біздің Павлодарға келіп отырған басты мақсат – Павлодар алюминий зауытына сәйкес, алдындағы тұрған мәселелерді ғылыми тұрғыдағы сипаттамадан өткізіп, шешу тәсілдемелерін ашып, соған сәйкес өзіміздің ғалымдардың қандай шешім-ұсыныстарын айқындау. Нәтижесінде осы тапсырма ретінде қалыптасқан шешімдер біздің жоғарғы ғылыми-техникалық комиссиясында қарастырылады.