Елімізде атом энергетика саласында білім бағдарламалары әзірленді
Елімізде ядролық инженерия бойынша «Атом электр станциялары және атомдық қондырғылар» секілді арнайы білім бағдарламасы әзірленді, деп хабарлайды 24kz.
Қазір олар реестрге енгізіліп отыр. Бұл туралы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитеті төрағасының орынбасары айтты. «Егер Атом электр станциясы салынып, тиісті ведомстволар маман даярлығына сұрау салса, онда грант санын көбейтуге әзірміз», - дейді Жанна Есенбаева. Ал қазіргі таңдағы кадр әлеуеті қандай деңгейде?
Альмира Оразбай, тілші:
- Ділназ Әкімбаева – Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің I курс студенті. Жезқазған қаласында мектебін сәтті аяқтап, «физика-техника» факультетіне оқуға түскен. Арман қуған жас түлек «тағдырымды атом саласымен байланыстырсам», дейді.
Ділназ Әкімбаева, студент:
- Осы кафедраға түсу үшін 2-3 жылдай дайындалдым. Ол өте перспективті және жауапты болып саналады. Себебі болашақта мен ядролық физикада өте үлкен және маңызды маман болғым келеді. Менің пікірімше, АЭС салып, оларды дамыту қажет. Болашақта Қазақстанда АЭС салып, халыққа оны қауіпсіз еткім келеді.
Қазір осы «физика-техника» факультетінде 1781 студент білім алады. Оның 1400-ден астамы бакалавр, 292-сі магистр, 74-і докторантура бағытында оқиды. Ал олардың арасындағы белсенділері Ресейдегі Мәскеу облысына қарасты Дубна университетінде білімін жалғастырып, қос дипломды азамат атанып шығады. Себебі екіжақты келісім бар. Онда студенттер заманауи физика мен техниканың өзекті мәселелері бойынша ғылыми мектептер шеңберіндегі зерттеулерге қатысады.
Қасым Жұмаділов, Ядролық физика, жаңа материалдар және технологиялар кафедрасының меңгерушісі:
- Қос дипломдық бағдарлама 2013 жылдан бері бар. Кезінде Энергетика министрлігінің қолдауымен Еуразия ұлттық университетінің жанындағы «Ядролық зерттеулер институты» өзара келісімге отырған. Қазір жыл сайын кем дегенде 5 студент-магистрантымыз Дубна университетінде білім алады. 2 семестрін сонда, қалған 2 семестрді біздің жоғары оқу орнында оқиды. Осылайша қос дипломды азамат болып шығады.
Еліміздегі жоғары оқу орындарында ядролық физика мамандарын даярлаудың жүйесі бұрыннан бар. Қазір 4 университет атом саласының мамандарын оқытады. Жуырда Президент Жолдауында, Қазақстандағы Атом электр станциясының құрылысына қатысты референдумның 6 қазанда болатыны айтылды. «Тиісті дауыс жиналса, демек, болашақта кадр мәселесінде ешкімге тәуелді болмауымыз керек», -дейді мамандар. Сондықтан жауапты ведомство биылдан бастап «Атом электр станциялары және атомдық қондырғылар» білім беру бағдарламасын іске қосты.
Жанна Есенбаева, ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитеті төрағасының орынбасары:
- АЭС салынатын болса, ол жерде тек атом саласы мамандары емес, гидротехнологтар;су саласының мамандары да қажет болады. Ол жерде бізге энергетика, жылу энергетикасы мамандары да қажет болады. Су министрлігі бізге тиісті сұрау салса, әр министрлік сұранысына сәйкес, мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыратын боламыз. Дәл осы бағыттарға жыл сайын 5 мыңнан астам грант бөлініп отырады.
Мамандардың болжамына сәйкес, алдағы 30 жылда елімізде электр энергиясының тапшылығы болуы мүмкін. Ал энергетикалық дағдарыстан шығудың бірден бір жолы – Атом электр станциясын салу. Сондай-ақ онда жұмыс істейтін білікті кадрлардың болуы да маңызды. Сондықтан Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл бағыттағы жұмысты күшейтіп отыр.
Авторлары: Альмира Оразбай, Ғалымжан Абдылахат