Қазақстандық цифрлық жоба Түркияда қолданыла бастады
Қазақстан – цифрлық жобалар жылдам дамып келе жатқан елдердің бірі.
Мемлекеттік қызметтен бастап, мектептегі дәрістерге дейін цифрлы форматта өтеді. Отандық жас ІТ-мамандар әзірлеген жобалар қазір әлемдік нарықты да бағындыра бастады. Солардың бірі – оқушыларға цифрлық сауаттылықты үйрететін «Коди Плэй» платформасы Түркия мектептерінде қолданылысқа енбек.
«Коди Плэй» – жобасы оқушыларға компьютер тілі мен робототехниканы ойын түрінде үйрететін платформа. Ол мектептегі сабақ үдерісіне кедергі келтірмей, мұғалім мен оқушының бірлесе жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Қазақстандық өнім аз уақытта Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы сияқты әлемнің көптеген елдерінде мектеп бағдарламасына енгізілген.
Жанәділ Талдыбаев, жоба жетекшісі:
- Біз 2021 жылдан бері нарықтамыз. «Коди Плэй» жобасы бүгінде әлемнің 13 елінде қолданылып жатыр. Біздің жобамызды жасауға бірнеше елдің ұстаздары мен ғалымдары атсалысты. Олардың қатарында университет профессорлары да бар. Негізгі мақсатымыз – балалардың цифрлық сауаттылығын арттыру. Қазір Түркияда мемлекеттік, жекеменшік және халықаралық мектептермен жұмыс істеп жатырмыз.
Түркияда бұл бағдарлама әзірге бірнеше мектепте қолданысқа енгізілді. Тағы бірқатар білім ошағы қазақстандық өнімді келер оқу жылында алуға ниетті.
Хаяти Октай, мектептер желісінің директоры:
- Біздің Ыстамбұлда 9 мектебіміз бар. Олардың барлығында бастауыштан бастап, жоғары сыныпқа дейін компьютерді үйрену, цифрлық сауаттылық, бағдарлама жазу сияқты көптеген дәріс өтеміз. «Коди Плэй» жобасымен жыл басында таныстық. Биылғы оқу жылында осы бағдарламаны бастауыш мектептерімізге енгізгелі отырмыз. Осыған байланысты мұғалімдеріміз арнайы дайындық семинарынан өтіп жатыр.
Кадер Өзтүрік, информатика пәнінің мұғалімі:
- «Коди Плэй» түрлі деңгейдегі мектеп оқушылары үшін дайындалған тапсырмалары бар өте ыңғайлы платформа екен. Бастауыш оқушылары үшін өте жеңіл бағдарламалау жобаларымен қатар жоғары сыныптарға түрлі жарыстарға жоба дайындауға мүмкіндік беретін күрделі бағдарламалары бар. Бұдан бөлек, мобильді қосымшаның болуы да қолдануға өте ыңғайлы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде креативті экономиканы дамытудың қаншалықты маңызды екенін айтқан болатын. Дамыған елдерде креативті экономиканың ішкі жалпы өнімдегі үлесі 10% дейін жетеді. Елімізде бұл көрсеткіш 2% шамасында. Сондықтан ІТ саласындағы жаңа жобаларды дамытып қана қоймай, оны өзге елдерге экспорттау – заман талабы.
Авторы: Меруерт Қанағат.