Тамара Дүйсенова Түркістан облысындағы мектептерді аралады
Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектептерді» басқарудың арнайы үлгісі енгізілуі тиіс.
Онда білім алатын балалардың оқуы мен тәрбиесіне ерекше назар аударылып, мұғалімдерге де барлық жағдай жасалуы керек. Түркістан облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова осылай деді. Вице-премьердің оңтүстікке сапары аясында тағы қандай мәселелер сөз болды?
Жандос Жұмабек, тілші:
- Елде үш ауысыммен оқитын 106 мектеп бар. Соның бесеуі Түркістан облысында орналасқан. Орын тапшылығы мәселесін шешу үшін Президенттің пәрменімен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынып, барлық өңірде мектеп құрылысы қарқын алды. Соның бірі – Түркістан облысының «Жаңа қала» шағын ауданында салынып жатыр. 2000 орындық білім ұясы қазан айында тапсырылмақ. Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова өңірге жұмыс сапары аясында бірқатар білім беру нысандарын аралады. Вице-премьерге жайлы мектептің мүмкіндіктері таныстырылды.
Тамара Дүйсенова Мемлекет басшысы білім саласына ерекше көңіл бөліп отырғанын, балалардың заманауи құралдармен жабдықталған мектептерде білім алуы үшін барлық жағдай жасалуы тиіс екенін атап өтті. Осыған көз жеткізу үшін қаладағы №28 мектеп-лицейінде болды. Онда Вице-премьерге білім саласына енгізіліп жатқан цифрлық жобалар таныстырылды. Мәселен «Алақан мектеп» жобасы оқушылардың турникеттен кірген сәтінен бастап, асхана мен кітапхана қызметін пайдалануына мүмкіндік береді. Тамара Қасымқызы жаңа жобаларды қолдай отырып, балалардың жеке деректерін қорғауды қатаң талап етті.
Сонымен қатар мұнда мектепке дейінгі білім беруді ваучерлік қаржыландыру жобасы таныстырылды. Бұл ретте ата-аналар балабақшаға емес, жергілікті бюджеттен бөлінген жолдамаға кезекке тұрады. Жоба ашықтықты, мемлекет қаржысын тиімді басқаруды қатмасыз етеді. Тамара Дүйсенова жаңа жобаны тездетіп енгізуді тапсырды.
Сапар аясында Тамара Дүйсенова Шәуілдір ауылындағы №4 мектеп-интернатының жұмысымен танысты. Мұнда Премьер-министрдің орынбасарына «Мамандық иелерінің» көрмесі ұсынылды. Облыстағы 12 колледж ұжымы өздерінде өндірілген өнімдерін көрсетті. Олардың арасында балық өнімдері, ветеринарлық жабдықтар, роботтар, металл өндірісі бар.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында «2025 жылды – Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Сондай-ақ техникалық және кәсіби білім беру жүйесін трансформациялау міндетін қойды. Осылайша, жан басына шаққандағы қаржыландыру стандартын қайта қару жоспарлануда. Демек, енді халықаралық білім беру стандарттарын енгізген және түлектеріне сұраныс артқан колледждер жоғары қаржылық қолдауға ие болады. Тамара Қасымқызы білім сапасын арттыру бойынша өткен кеңесте бізде ондай оқу орындары бар екеніне тоқталды. Соның бірі – NCCER халықаралық стандарты енгізілген Талдықорған политехникалық колледжінің жұмысын үлгі ретінде атап өтті.
Шыңғыс Нұрқожаев, Талдықорған политехникалық колледжінің директоры:
- Білім мазмұнын жаңарту мақсатында облыстық халықаралық стандартына негізделген 44 білім беру бағдарламасын өзектендірдік. Өз кезегінде бұл бәсекелестікті күшейтіп, колледжегі білім сапасын жақсартты. Биылғы 1255 түлегіміздің 876-сы жұмысқа сәтті орналасып, яғни, біздің 2 жылдағы жұмысқа тұрғандар санының 60%-тен 70-%-ке дейін өсуі біз үшін үлкен жетістік. Бүгінгі күні колледж құрылыс саласындағы мамандарды даярлау, қайта даярлау және сертификаттау құқығына ие болды.
Жиын барысында Вице-премьер: «балабақшадан бастап ЖОО-на дейінгі жүйеде бірізділік қажет»,- деді. Бала жүйелі түрде жасына қарай сатылап дамып отыруы керек. Бір-бірімен сабақтастық болмаған жерде білім сапасы артпайтынын айтты. Сондықтан Президент тапсырмасына сай қазір мектептерде кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Білім ошақтары бағалаудың халықаралық бағдарламасына сәйкес 3 санатқа бөлінді. Соның ішінде Түркістан облысында 280-нен аса білім ұясы «Мақсатты мектеп» қатарына кірген. Демек, бұл мектептердегі методикалық әдістемелерді жаңғыртып, мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеру қолға алынады.
Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Әрбір курстан өткен кезде екінші курсқа өту үшін тесттен өту керек. Екі рет мүмкіндік беріп жатырмыз. Екінші рет өте алмаған мұғалім үшін ойлануымызға тура келеді басқа жұмысқа ауыстыру туралы. Себебі біз үшін баланың тағдыры, баланың білімі ол – ертеңгі еліміздің болашағы. Сондықтан қазір мұғалімдерге осы мәселе жөнінде көбірек сын айттық. Осыған көберек көңіл бөлу керек екенін айттық.
Президент биылғы Жолдауында білім саласына ерекше тоқталып, жайлы мектептерді басқару жүйесінің жаңа моделін жасау қажеттігін айтқан болатын. Бұл тапсырма бойынша қазір жан-жақты сараптама жүріп жатыр. Тамара Дүйсенованың айтуынша, жаңа модель жыл соңына дейін бекітілуге тиіс. Ал орта білім беру сапасын арттыру мақсатында өңірлерде тірек мектептер желісін құру, шағын жинақты білім ошақтарын трансформациялау бойынша жұмыс жалғасады. Вице-премьер облыс басшылығына осы жұмыстарды назарға алып, жүйелі орындауды тапсырды.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш