Педагогикалық мамандыққа түсу үшін талап күшейтілді

Атыраудағы педагог маман даярлайтын жоғары оқу орнын жылына 1000-ға жуық түлек бітіріп шығады, деп хабарлайды 24KZ.

Ұстаз болу оңай емес. Сондықтан оқуға түсу үшін талап күшейтілді. «Бұл сапаның жақсаруына жол ашты», – дейді сарапшылар. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беруді айтқан болатын.

Әсемай Хайбулла – мектеп қабырғасында сыныптастарына, жоғары оқу орнында қатарластарына үлгі болған үздік маман. Алматы қаласынан магистратураны аяқтап, биыл қаладағы іргелі білім ошағына жұмысқа орналасты. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін жас маман ұстаз мәртебесінің биіктегенін айтады. «Сондай-ақ жұмысқа орналасу үшін де білім мен білік қажет», – дейді ол.

Әсемай Хайбулла, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

- Қазір кез келген адам педагог бола алмайды. Қазіргі таңда талаптар күшейтілді. Ұлттық бірыңғай тестілеуде 75 балдан жоғары болуы керек. Ал мен оқыған университетте, бізде 100 балдан төмен абитуриентті оқуға алмайды. Бұрынғы кезде педагогтер қоғамның төменгі сатысында тұрса, қазіргі таңда ең жоғарғы дәрежеге көтеріліп келе жатыр деп айта аламын.

Педагогтерді даярлайтын Атыраудағы жоғары оқу орны жылына мыңға жуық маман әзірлейді. Педагогика және психология кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Қарас Қазиев педагогикалық мамандықтарға түсу үшін талаптың күшейтілгенін айтады. Сәйкесінше оларға қолдау да көрсетіледі. Шәкіртақы көлемі басқа мамандықтарға қарағанда жоғары. Қарас Қазиев: «Қазір мұғалім болғысы келетін жастардың саны артты», – дейді.

Қарас Қазиев, педагогика және психология кафедрасының қауымдастырылған профессоры:

- Соңғы 4-5 жылдықта педагогикалық мамандыққа түсушілердің саны артты, өйткені бұл жаққа сапалы мамандар түседі. Өйткені 75 балдан жоғары. «Алтын белгіге» үміткер, «Алтын белгіні» иеленген бірнеше студент қазір осы педагогикалық мамандықта оқып жатыр. Ол – біріншіден. Екіншіден, тек қана жоғары оқу орнында әрмен қарай қабылдауды жандандыруда тек қана ҰБТ-ның 75 балымен шектеп қойған жоқ, жоғары оқу орнына педагогикалық мамандыққа түсерде қосымша арнайы емтихан тапсырады, әңгімелесуден өтеді.

Қазір білім сапасын арттыру мақсатында жаңа білім бағдарламасы жасақталған. «Шетелдік үздік жоғары оқу орындарымен бірлесе жұмыс істеу арқасында білікті мамандарды даярлауға мүмкіндік туды», – дейді Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің проректоры Асхат Шүкіров.

Асхат Шүкіров, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің проректоры:

- Финляндия мемлекеті үздік жоғары білімнің, орта білімнің жүйесі ғой. Сол Финляндия мемлекетінің университетімен бірлесіп, Қазақстандағы жоғары педагогикалық университеттер бірлесіп, білім бағдарламаларын жасап, жаңа білім бағдарламасын қабылдауды жүзеге асыра бастады. Әдістемесі, оқыту технологиясы – барлығы өзгеше.

Дегенмен қазір өңірде орыс тілді маман тапшы. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жоғары оқу орнында қайта даярлау курсы ашылған. Яғни, мұғалім болуға ниетті өз саласының білгірлері 6 айлық курстан кейін мектепте жұмыс істей алады. Бұл да саладағы маман тапшылығын жоюға сеп болмақ.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Амантай Матенов.