Қызылорда облысында жұмысшы мамандықтардың атласы әзірленеді

Осылайша, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтардың ұзақ мерзімді болжамы жасалады, деп хабарлайды 24kz.

Аталған жоспар аясында колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайту, жаңа мамандықтар ашу секілді жүйелі жұмыс жүргізу көзделген.

Қармақшы ауданындағы аграрлы-техникалық колледж жарты ғасыр бойы жұмысшы мамандықтарды даярлап келеді. Оқу орнының ғимараты бес жыл бұрын жаңартылған. Қазір мұнда 8 түрлі мамандық оқытылады.

Бауыржан Сайдулла, колледж директоры:

- Осы аудан бойынша жұмысшы мамандығына біздің аудан тұрғындары тарапынан сұраныс бар. 2023 жылдың қорытындысы бойынша колледжіміздің бітірушы түлектері 71% құрап отыр, қазіргі таңда 111 баладан 79 бала жұмысқа орналасып отыр.

Колледждегі тігін өндірісі мен киім үлгілеуге арналған шеберхана заманауи құрылғылармен жабдықталған. Осында киімнің барлық түрін және әртүрлі көлемдегі төсек-жабдықтарды жасауға мүмкіндік бар. 16 жастағы Гүлсім Қайратқызы биыл осы мамандық бойынша мемлекеттік грант иегері атанды. Тігін технологиясын терең меңгергеннен кейін жеке кәсіп ашуды жоспарлайды.

Гүлсім Қайратқызы, студент:

- Тігін саласын дамытып, өзіміздің қазақи нақыштағы киімдерді құрастырып, басқа елдерге өзімізді неге танытпасқа? Тігін арқылы өзімнің брендтерімді шығарып, жеке кәсіпорын ашып, дамытқым келеді.

Оқу орнында мал дәрігері, аспаз, тігінші, электромонтер, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу шебері, техникалық қызмет көрсету секілді мамандардың дуальды білім алу бағдарламасы жолға қойылған. «Осы ретте соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған кәсіпорындармен серіктестік орнаған», – дейді оқытушылар.

Гүлнұр Әлиева, оқытушы:

- Шаруашылық қожалықтарының барлығына соңғы келген, мысалы, Қытай елінен алынған техникалардың түрлері бар. Осы техниканың бәрін балдар меңгеріп, шаруа қожалықтарында өндірістік-технологиялық, кәсіптік іс-тәжірибеден өтуде. Бөлшектерімізді шашып, оны ақауын анықтап, техникалық қызмет көрсету жұмыстарын меңгеріп шығады.

Қазір обылстағы 28 колледжде 20 мыңға жуық студент білім алады. Олардың 7 мыңнан астамы жұмысшы мамандығын таңдаған. Алдағы уақытта жұмысшы мамандықтардың атласы әзірленеді. Осылайша, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтардың ұзақмерзімді болжамы жасалады. Аталған жоспар аясында колледждердің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа мамандықтар пайда болады.

 

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев,