Бағдарламалаудан Әлем чемпионатының финалдық кезеңі басталды

Астанада бағдарламалаудан Әлем біріншілігінің финалдық кезеңі өтіп жатыр.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан спорттық бағдарламалау федерациясының ұйытқы болуымен 48-ші Халықаралық ұжымдық бағдарламалау байқауы чемпионатының ашылу рәсіміне қатысты. Палата Спикері қатысушыларға сәттілік тілеп, цифрландыру және IT-саласы Қазақстанда ұлттық деңгейдегі басымдыққа ие екенін айтты. Жалпы бұл шара – әлемдегі 110 елдің үздік жоғары оқу орындарының басын қосатын ең ірі спорттық жарыс. Әлемнің әр түкпірінен жиналған 600 бағдарламалаушы 15-20 қыркүйек аралығында өзара мықтыны анықтайды. Финалдық кезеңде Қазақстанның намысын Astana ІТ, Nazarbayev, Халықаралық ақпараттық технологиялар және Қазақстан-Британ техникалық университеттері өнер көрсетеді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Спорттық бағдарламалау жай бәсеке ғана емес. Бұл – сыни ойлауды дамытуға, кәсіби дағдыларды жетілдіруге, күрделі міндеттерді орындауды үйренуге және командамен тиімді жұмыс істеуге жол ашатын бірегей мүмкіндік. Мұндай қабілеттер кез-келген салада табысқа жетудің негізі екені анық. ICPC қоры әлем бойынша жастарға жаңа мүмкіндіктер беру және цифрлық теңсіздікті еңсеру жолында маңызды миссия атқарып келеді. Сол үшін ризашылығымызды білдіреміз. Алдағы уақытта да IСPC қорымен ынтымақтастығымыз нығайып, бірлесіп нәтижелі жұмыс істейміз деп сенемін.