Балалар қауіпсіздік ережелерін сабақта үйренеді
Білім беру мекемелерінде қауіпсіздік ережелерін үйрететін арнайы сабақ пайда болды.
Ол балабақшадан бастап, колледж студенттеріне дейін тәрбие сағаты түрінде өтеді.
Сабақ балалардың түрлі жағдайда дұрыс әрекет етіп, өзіне деген сенімділігін арттыруға арналған.
Сыныптағы бұл сабақ басқалардан өзгерек. Себебі ол аптасына бір рет және 10-ақ минут болады. Балаларға жеке басының қауіпсіздігін сақтауды үйретеді. Мысалы, біз барған №37 мектеп-лицей оқушылары киберқауіпсіздік негіздерімен танысып отыр.
Темірлан Ахметов, С. Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицей оқушысы:
- Біз бүгін техника қауіпсіздігімен таныстық. Сынып жетекшіміз бөтен адамдар жазып, хабарласқанда не істеу керектігін үйретті. Ондай жағдайда бірден жауап бермей, ата-анамызға айтып, күмәнді нөмірді бұғаттауымыз керек.
Бибігүл Канакаева, С. Мәуленов атындағы №37 орта мектептің тарих пәні мұғалімі:
- Ең алдымен киберқауіпсіздік негіздерін үйретуден бастадым. Себебі қазір балалардың барлығы интернетте отырады, телефоннан бас алмайды. Қауіпті сайттарға кіріп кетуі мүмкін. Сондай жағдайлардың алдын алу үшін барынша ақпараттандырдық.
Интернет демекші, күні кеше ғана әлеуметтік желідегі трендті қайталаймын деп Ақтөбедегі оқушы ауруханадан бірақ шықты. Ол үстіне сірке қышқылын шашып, иіс су орнына қолданбақ болған. Нәтижесінде аллергиялық реакция пайда болып, жедел жәрдем көмекке келген. «Міне осындай соңы жақсылыққа апармайтын әрекеттердің алдын алу үшін де бұл тәрбие сағаттары енгізілді», - дейді балалар құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы Альбина Залмұқанова.
Альбина Залмұқанова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы:
- Ең басты мақсат – ол бүгінгі таңдағы жаңа заман ағымына сәйкес, өздеріңізге белгілі балалар арасында келеңсіз оқиғалардың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қажетті білімдері мен дағдыларын, қабілеттерін қамтамасыз ету мақсатында осы жек қауіпсіздік сабақтары әзірленген болатын.
Тәрбие сағаты 130 сабақтан тұрады. Тақырыптар баланың жас ерекшелігі мен даму деңгейіне сай бөлінген.
Мысалы, балабақшаға баратын үлкен топтағы балалар шұғыл қызмет орталықтарына хабарласу, ойын алаңдары мен аттракциондардағы жүріс-тұрыс ережелері, терезеге жақындамау туралы ақпарат алса, бастауыш сыныптарға су қоймаларындағы қауіпсіздік, бөтен адамдармен байланыс орнату ережелері, виртуалды таныстық туралы айтылады. Ал орта сынып оқушылары қауіпті челленждер, көшедегі қауіпті нысандар, кибербуллинг туралы білсе, жоғары сынып пен 1-2 курстағы колледж студенттері алаяқтар, күмәнді жұмыс берушілерден сақтану жолдарын үйреніп, қауіпсіз еңбек жағдайларымен таныса алады.
Гүлжан Төлеу, Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп директоры:
- Жалпы оқу-тәрбие процесі 6 құндылық арқылы жүзеге асады. Соның біреуі заң және тәртіп деп аталады. Негізі 3 блоктан тұрады. Бірінші блок ол сынып сағаттары арқылы құндылықтарды бала бойына сіңіру, екінші блок әртүрлі проектілер арқылы құндылықтар енгізу, үшінші алдын алу шаралары. Бұл қауіпсіздік шаралары міндетті түрде бала бірнәрсеге ұрынып қалғанда емес, ұрынбай тұрып, алдын алу үшін атқарылып жатқан шаралар.
Иә, бұл сабақтар баланың өзіне деген сенімділігін арттырып, кез келген жағдайда дұрыс әрекет етуге көмектеседі деп сенеді мамандар. Бастысы – баланың амандығы.
Авторлары: Мөлдір Молдағали, Ержан Рахманбердиев