Ағылшын тілі мұғалімдері Ұлыбританияда білімдерін шыңдады

Қазақстандық педагогтер Лондонға барып, білімдерін шыңдады, деп хабарлайды 24KZ.

20-дан астам ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мен сала басшылары британиялық әріптестерімен кездесіп, үздіксіз кәсіби даму жүйесінің озық үлгілерімен танысты.

Қазақстанда ағылшын тілі пәнін тиімді оқыту мәселелері өзекті болып тұр. Бұл туралы 2 жыл бұрын Қазақ-британ үкіметаралық комиссиясының отырысында айтылды. Арнайы құрылған жұмыс тобы ғылыми зерттеулер жүргізіп, ұсыныстар білдірді. Солардың бірі – отандық мұғалімдердің үздіксіз кәсіби дамуы үшін озық британиялық әдістемемен тереңірек танысу.

Әлия Чокушева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің басқарма басшысы:

- Әріптестеріміздің тәжірибелері, әрине, әлемге танылып жатыр. Жаңа ақпаратты осы кісілерден алып, өзіміздегі проблемаларды шешу жолын қарастыру үшін келіп отырмыз.

22 адамнан тұратын делегация құрамында жоғары оқу орындарының басшыларынан бастап, ауыл мұғалімдеріне дейін бар. Шақырушы тарап – Ұлыбритания халықаралық сауда департаменті және Британ кеңесі. Олар үздіксіз кәсіби даму жүйесі бойынша панельдік пікірталастар өткізіп, мектептер мен университтерге сапарлар ұйымдастырды. 

Ливия Матэй, Кингс колледж Лондон университеті білім, коммуникация және қоғам мектебінің басшысы:

- Ұлыбритания мұғалімдер дайындауда өте қатаң әлемдік стандарттарды ұстанады. Біз үздіксіз кәсіби даму мәселесіне ерекше мән береміз. Осы тәжірибелерімізбен қазақстандық әріптестерімізбен бөлісуге дайынбыз.

Сапар барысында мұғалімдерді сертификаттау, олар үшін біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру және мектеп басшылары мен әдіскерлерді қолдау мәселелері де басты назарда болды. Үздіксіз кәсіби дамудың принциптері мен тәжірибелерін үйрену үшін қазақ педагогтері британиялық әріптестерімен тығыз байланыс орнатты.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы.