Келесі жылдан бастап педагог-ассистенттер арнайы колледждерде даярланады
Елімізде келесі жылдан бастап педагог-ассистенттер арнайы колледждерде даярланады, деп хабарлайды 24kz.
Бұл мамандар ерекше оқушылардың жүріп-тұруын, білім алуын сүйемелдейді. Бұрын мұндай мамандықты ұстаздар қосымша курстардан меңгеріп алатын. «Енді колледжде дуальді әдіспен оқытылатындықтан жақсы тәжірибе қалыптасады», - дейді Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері.
Еркегүл Қайрат, тілші:
- Айман Мұталиеваның педагог-ассистент ретіндегі жұмыс тәжірибесі 7 жылдан асты. Оның мектебінде қазір мүмкіндігі шектеулі 154 бала оқиды. 58-і педагог-ассисенттің көмегіне жүгінуге мәжбүр. Баланы күнделікті ата-анасынан қабылдап алған соң оның жай-күйі бақыланып, сабаққа дайындығы тексеріледі. Ал Айманның мұндағы міндеті – сабақ барысында ерекше оқушыларды жігерлендіріп, оқуға қызығушылығын арттыру.
Айман Мұталиева, педагог-ассистент:
- Бала сыныпқа кедергі келтірмей тыныш отыруы керек. Сабағын да орындауы керек. Біз сапалы білім алуға жағдай жасаймыз дедік қой. Бәрін біліп кетпесе де. Біліп шығуы керек. Бір күндік сабақты алып шығуы керек. Көп күш салмаймыз. Себебі оны қабылдай алмай қалады балалар.
«Негізінде ерекше балалары бар ересектердің өздеріне де психологиялық қолдау қажет», - дейді мамандар. Сондықтан ерекше баласы бар Махаббат Мұратқызы өзі сияқты аналардың басын қосып, «Инклюзивті ата-аналар қорын» құруға бел буған. Ол мұндай балаларды қоғамға тезірек бейімдеу үшін сыныптың белсенді өмірінен тыс қалдырмауды ұсынады. Осындай жағдайда да педагог-ассистенттердің көмегі ауадай қажет.
Махаббат Мұратқызы, «Инклюзивті ата-аналар» қоғамдық қорының жетекшісі:
- Бала тек мектепте ғана отырмай, әртүрлі іс-шараларға қатысса деген тілек бар. Сыныппен музейге баратын болса, ерекше баланы бірге апармайды. Себебі қашып кетуі мүмкін деп қорқады. Бұл жерде үлкен жауапкершілік бар екенін түсінеміз. Бірақ мектепке бергеннен кейін баланың барынша ортаға сіңіп, көпшілік ортаға тез бейімделіп кетсе, ата-аналар риза болатын едік.
Ерекше балаларға педагог-ассистент қажет пе, жоқ па оны арнайы комиссия анықтайды. Яғни әр баланың диагнозына байланысты жарты жылға немесе бір жылға тиісті маманның көмегі қерек болуы мүмкін. Жәрдемді тұрақты түрде қажет ететіндерге педагог-ассистент тағайындалады.
Лаура Бұтабаева, ҚР Оғу-ағарту министрлігі инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры:
- Педагог-ассистент ол максимум баланы өз бетімен жұмыс жасауға үйретіп-үйретіп, яғни өз бетімен жұмыс жасай алған жағдайда педагог-ассистент ол жерден кету керек. Негізгі мақсатымыз – тезірек баланың ортаға кіріп кетуге, әлеуметтеніп кетуіне көмек жасау мақсатында қолданамыз.
Бүгінгі күні елімізде инклюзивті білім беру жүйесіндегі педагог-ассистенттердің саны 2500-ге жуықтайды. Биыл мұндай мамандардың санын 3,5 мыңға жеткізу көзделді. Ол үшін мың маманды тиісті біліммен қамту бағдарламасы да қарастырылған.
Авторлары: Еркегүл Қайрат, Ербол Дайыров, Наурызбай Құрманғазы