Білім сапасын арттыру жобасы 134 шағын мектепте іске асып жатыр

Ақтөбе облысының шалғай мектептеріндегі білім сапасы орта есеппен 7 пайызға артты.

Бұл «Шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін цифрлы технологиялар арқылы дамыту» пилоттық жобасы арқылы жүзеге асты.

Енді аталмыш тәжірибе өзге өңірлерде қолға алынуы тиіс. Бұл туралы өңірге жұмыс сапары кезінде Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова мәлімдеді. Вице-премьер білім ордаларында болып, республикалық семинарға қатысты.

Мемлекет басшысы биылғы жолдауында «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыруды тапсырған. Қоғамдағы әлжуаз топтарды қолдауға бағытталған бастаманы жүзеге асыру тетіктері вице-премьер Тамара Дүйсеноваға таныстырылды. Мысалы мобильдік қосымша арқылы оқу орындарын ыстық тамақпен қамтамасыз етуге болады. Ал емханаларда тегін дәрі-дәрмекті үйлестіру жүйесін енгізуге мүмкіндік бар.

Тимур Шалекенов, BTS Digital компаниясының өкілі:
-
Енді ата-аналарға баласына ыстық ас алу үшін бума-бума құжат жинаудың қажеті жоқ. Бәрі де онлайн режимде, орталық база арқылы жасалады. Тіпті үйден шығудың қажеті болмайды. Мұнымен тоқталып қалмаймыз. Мобильдік қосымшада 100-ден астам қызмет түрін көрсетуге болады.

Ұстаздар қауымымен кездескен Тамара Дүйсенова оларға үлкен жауапкершілік артылғанын айтып өтті. Бұл орайда ұрпақтар сабақтастығы балабақшадан басталғаны жөн. Мектеп пен кәсіптік білім беретін оқу ордаларында да бірізді жүйе қалыптасуы тиіс.

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
-
Балабақша менен бастауыш кластың ортасын біріктіруіміз керек. Біріктіру деген не? Бірінші жаңа айттым. Баланың даму картасын алып келеміз, екінші, бастауыш мектептегі бағдарлама мен балабақшаның ортасындағы бағдарламаны, оқу бағдарламасын синхронизация жасауымыз керек.

Үкімет басшысының орынбасары жоғары политехникалық колледж ұжымы және оқушылармен жүздесті. Қазір елде жұмысшы мамандықтарына сұраныс артқан. Диплом алған жастардың біліктілігі нарықта бәсекеге қабілетті болуы шарт.

Білім ордаларының заман талабына сай бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу мәселесі республикалық семинарда айтылды. Президент тапсырмасына сәйкес, Қазақстанның білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадамдардың бірі – шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін цифрлы технологиялар арқылы дамыту. Жоба аясында өңірде 12 тірек мектебі іріктелді. Әрқайсысына шағын жинақты үш магниттік білім ордасы бекітілген. Шалғайдағы оқушыларға математика, физика, ағылшын тілі мен химия сияқты пәндерді орталықтан білікті ұстаздар онлайн оқытады. Өз сөзінде вице-премьер пилоттық жобаның нәтижелерін жоғары бағалап, оны өзге өңірлердің де тәжірибесіне енгізу керектігін сөз етті.

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
-
Осы жоба аясында ауыл мектептерінің материалдық техникалық базасын нығайту, әртүрлі жастағы оқушылардың жинақталған, аралас сыныптарда оқыту, ауыл мектебінің заманауи білім харекетіне қолжетімділігін арттыру, ауылдың, әсіресе шағын жинақталған мектептерді педагог-кадрлармен қамтамассыз ету, әдістемелік орталықтардан шалғай орналасқан ауыл мұғалімінің кәсіби педагогтар қауымдастығы арқылы өзінің даму мүмкіндігін кеңейту мәселелерін шешу жолдары қарастырылды.

Өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасы сәтті жүзеге асып жатыр

Облыста «Ауыл аманат» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылып келеді. Соның шапағатын көргендердің бірі – Рәзия Ғалиева. Мемлекеттен қаржылай қолдауға ие болған ол отбасылық бизнестің ауқымын кеңейткен. Тігін шеберханасына қосымша құрал-жабдықтар алған. Қазір мұнда 16 шебер еңбек етеді.

Рәзия Ғалиева, кәсіпкер:
-
Мұндай мүмкіндіктің барына ризамын. Мемлекет тарапынан қолдау көріп келеміз. «Ауыл аманаты» өте тиімді деп есептеймін. Екі жарым пайызбен 5 жылға несие рәсімдеп, бір жыл демалыс алу мүмкіндігін қолданып отырмын.

Бағдарлама аясында Қобда ауданында құны 946 млн теңге болатын 189 бизнес-жоба жүзеге асырылған. Ауыл халқы шағын және орта бизнестің түрлі саласын игеріп жүр. Жылыжайда көкөніс өсіріп, жеміс-жидек өнімдерін нарыққа шығарған. Сонымен қатар өңірде тауарлық несиеге төрт-түлік рәсімдеу де қолға алынып жатыр. Тұрғындар 120 ірі-қара мен төрт жарым мың ұсақ мал алып табыс көзіне айналдырған. 

Ербол Тасжүреков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:
-
Ауыл шаруашылығында, мынау мал шаруашылығында, өсімдік шаруашылығында тәуекелді жоққа шығару үшін сақтандыру компаниялары белсенді түрде қатысатын болады. Яғни малды сақтандырса, сақтандыру келісімшарты бойынша, егер мал әртүрлі жағдайға ұшырап жатса, онда толығымен өтелетін болады.

Бұл бастаманы Үкімет басшысының орынбасары өзге өңірлерде де жүзеге асыру қажеттігін атап өтті. Ал ақтөбеліктер «Ауыл аманаты» бағдарламасы өнімдерін нарыққа шығаруда көршілес Батыс Қазақстан облысы тәжірибесіне сүйенуді тапсырды.

Алдияр Халелов, БҚО әкімінің кеңесшісі:
- КПО компаниясымен біз меморандумға, шартқа отырған болатынбыз. Бүгінгі күнге сүт бағытында сары май 500 келідей КПО алды қазір. Енді жұмыртқа 170 мың дана өткіздік. СПК кооперативтерін құрып, сол кооператив арқылы жаңағы «Ауыл аманаты» бағдарламасына алған кісілерден өнімдерді жинап, сол КПО-ға жеткізіп беру мақсат қойып отырмыз

Жалпы өңір бойынша соңғы 2 жылда «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға 15 млрд теңге бағытталды.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов