Маңғыстау өңіріндегі 8 мектепте «Жас сақшы» сыныбы ашылды

Маңғыстау өңіріндегі 8 мектепте «Жас сақшы» деп аталатын полиция сыныбы ашылды, деп хабарлайды 24KZ.

Оған биыл 5-сыныпқа барған 200-ден астам бала қабылданды. Полиция департаменті жүзеге асырған жоба мектептегі тәртіпті бақылап, жеткіншектер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуды көздейді.

Қызметтік форма киген жас сақшылар мектеп ауласында сапта тұр. Полиция қызметкері оларға сапта жүру тәртібін түсіндіріп, білім ордасында қоңырау кезінде құқықбұзушылық болмауын қадағалауды тапсырды. Сабақ одан әрі сыныпта жалғасты. Балалар бағдаршам қызметімен танысып, жол ережелерін жаттады.  

Әли Оразбай, оқушы:

- Мен өскенде міндетті түрде полиция боламын. Ол үшін Алматы қаласындағы Ішкі істер министрлігінің академиясына оқуға түсу үшін білімімді шыңдап, тәртіпті және озат оқушы болып мектеп бітіруге уәде беремін.

Жаңа оқу жылында өңірдегі 8 мектепте «Жас сақшы» сыныбы ашылды. Екі сынып Ақтауда құрылып, қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерлері Мейіржан Төребай мен Әділет Тұрсынбековтің есімі берілді. №29 мектепте өткен кезекті сабақты облыстың бас полицейі жүргізіп, аға буынның өнегелі өмір жолын жас ұрпаққа дәріптеді. 

Сағындық Аяғанов, Маңғыстау облысы бойынша Полиция департаментінің бастығы:

- Олар осы батыр ағалары сияқты патриоттық сезімін ояту үшін осындай сабақтар өткіземіз және осы балалардың барлығына форма кигіздік. Ол үшін өзіміз ақша бөлдік. Ақтауда осындай екі мектепте екі сынып аштық. Келесі, одан арғы жылдары осындай сыныптарды көбейтеміз. Себебі полицияға барғысы келетін оқушылар саны көбейіп жатыр.

Осы аптада жас сақшылар полиция күнделікті қызметте қолданатын техникалармен танысуды бастапты. Бүгін олар патрульдік көлікке отырып, дыбыстық және жарықпен белгі беру құрылғыларын басқарды. Жол ережесін бұзған адамға планшетпен әкімшілік хаттама толтыруды үйренді. Алдағы уақытта көшедегі рейдтік шараға қатысатынын естіген балалар мәз-мейрам болды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.