Елордадағы мектептің 4 бірдей сыныбында тек тұңғыштар оқиды
Елордадағы бір мектептің 4 бірдей сыныбында тек қана тұңғыштар оқиды.
Яғни бұл оқушылар бір отбасының тұла бойы тұңғыштары. Ұстаздар оларды осылай бір сыныпқа топтастырған.
Сөйтіп, 100-ге жуық түңғыш бала 4 сыныпқа бөлініп, бір мектепте білім алып жатыр.
Тұңғыштарды неге бір сыныпқа топтастырды? Оның қандай пайдасы бар?
Бір қарағанда бұл қарапайым сынып болып көрінер. Алайда мұнда үйдің тек тұңғыш балалары жиналған. Мектеп табалдырығын енді аттаған тұңғыштар сыныбы биыл елордада алғаш ашылды.
Дархан Бектұрұлы, ата-ана:
- Алғашында естігенде таңғалдық мұндай сынып та бар екен ғой деп. Жалпы енді отбасында әр баланың орны ерекше ғой дегенмен тұңғыштың орны ол саған ата-ана ретінде жауапкершілік алып келгеннен кейін ол баланың артындағы бауырларына бір дұрыс, түзу із салып жүрсе, арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай жүрсе, соңғысы да солай қозғалады, ерекше болып, артындағы бауырларына қамқоршы болып жүргенін қалаймыз ғой.
Қазақы дәстүрге сай тұңғыш балалар көбіне ата-әженің қарауына беріледі. Бұл жас ата-ана үшін үлкен көмек деп білген. Алайда қала балаларына қазір бұл мүмкіндік тие бермейді. Сондықтан елордалық ардагерлер алқасы тұңғыш балаларға ұлттық тәрбие мен құндылықтарды көбірек сіңіру керек деген оймен оларды бір сыныпқа топтастыруды ұсынған.
Мәриям Амангелдіқызы, А.Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары:
- Мамыр айында бізге осы қаланың ардагерлер алқасының төрағасы келіп, өзінің армандаған, өзінің жобасын іске асырғысы келгенін айтты. Ондағы ерекшелік «Бала тәрбиесіндегі тұңғыштардың ролі » Бұл идея бізге де қатты ұнады. Биыл біз 335 бала қабылдадық 1 сыныпқа. Соның ішінде 4 сынып, яғни 10-ден астам бала бізде тұңғыштар болып шықты.
Сабақта оқушылардың ата тегін, руын жетік білуіне ерекше көңіл бөлінеді. Олар бата жаттайды, ұлттық қолөнермен айналысып, ұлттық ойындарды көбірек ойнайды.
Сондай-ақ мұғалім де сабақ барысында тұңғыштардың отбасындағы рөлі мен орны жайлы оқушыларға жиі айтып, олардың ақылына ақыл қосып отырады. Мұны жиі естіген бала өзінің үлгі көрсетер аға, әпке болатынын ұғына алады дейді ұстаз Ләйлә Тоқтарқызы
Ләйлә Тоқтарқызы, А.Құнанбайұлы атындаға №87 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі:
- Әдетте тұңғыш балалар ата-анасының бойындағы барлық көптеген қасиетті алып өсетіні анық қой. Сондықтан бұл балалар бойлары кішкентай болғанымен ойлары ұшқыр. Және бұлардың көшбасшылық қасиеттері де жақсы дамыған. Күнделікті сабағымда осы балаларға сіздер тұңғыштарсыздар, сіздерге қарап өсіп келе жатқан іні-қарындастарың үлгі алады деген әрбір сөзімді олар бойларына сіңіріп жатыр.
Жаңа бастаманың өміршең болуы ата-анаға да тікелей қатысты. Сондықтан мектеп ұжымы оқушылармен шектеліп қалмай, олардың ата-анасы үшін де семинарлар ұйымдастырған. Олар да демалыс сайын уақыт бөлуге тырысады.
Мөлдір Молдағали, Мадияр Қындыбаев