Елордадағы №87 мектептің оқушылары ұялы телефонды қолданбайды
Астана қалалық №87 мектеп-гимназиясының оқушылары екі жылдан бері ұялы телефон қолданбайды, деп хабарлайды 24KZ.
Оның орнына бестас ойнап, асық атуды әдетке айналдырған.
Телефонға телміріп, теледидарды тең көріп, вертуалды әлемнің әлегінде шырмалып жүрген жас көп. Балалар таңның атысынан кештің батысына дейін ұялы байланыс құралына үңіліп отыруды әдетке айналдырған.
Ал Абай атындағы білім ордасы гаджеттерді ұлттық ойындармен алмастырып, халықтық құндылықтарды ұл-қыздардың жадында жаңғыртуды жолға қойған. Оқушылар сабақ уақытында телефон қолданудан біржола бас тартқан.
Айгүл Қашаева, А. Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының директоры:
- Басында, әрине, ата-ана да қарсы болды. Түсініспеушілік болған ата-аналар болды. Біз қалай хабарласамыз деген сияқты. Бірақ сабақ уақытында сынып жетекшісі үнемі хабардар отырады. Сабақтың үстінде оқушы пайдаланбайды. Қоңыраудың кезінде біз оқушылардың өзіне береміз. Өздерінің қажетті дүниелерін тауып, ата-аналармен сөйлесуге мүмкіндік бар.
Иә, үзілісте бір сәт үйдегілермен байланысқаны болмаса, телефонды аса қажет етпейді. Оның орнына бестас ойнап, асық шерткенді тәуір көреді. Домбыра тартып, күмбірлете кетеді.
Әлімжан Қасенов, А. Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының оқушысы:
- Бізге мектепте телефон аса қажеті жоқ. Біз қоңырауда ғана қолданамыз. Қоңырауда біз ас алу үшін немесе ата-анамызбен сөйлесу және байланысу үшін қолданамыз. Сабақ кезінде біз сейфтерге салып қоямыз. Себебі телефон денсаулығымызға зиян және сабақ уақытында бізге кедергі жасауы мүмкін.
Телефоннан бас тартқалы оқушылардың оқу үлгерімі 10%-ке жоғарылап, 2 жыл бедерінде ешқандай құқықбұзушылық болмаған. Сондай-ақ коммуникация құруда оң өзгеріс бар.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Ержан Рахманбердиев.