Қызылорда облысында төрт апатты мектеп қалды

Қызылорда облысында төрт апатты мектеп қалды. Бұл білім ұялары келесі жылы жаңадан салынады.

Айтулы мәселе «Жайлы мектеп» жобасы аясында шешілмек. Өңірде қазір үш ауысымда білім беретін мектеп жоқ. Білім беру мекемелерінің жанынан қосымша ғимарат салу арқылы бұл түйткілдің түйіні тарқады.

Қызылорда қаласындағы нөмірі 211 мектептің іргетасы 35 жыл бұрын қаланған. Содан бері бірінші рет күрделі жөндеуден өтті. Мектеп ғимараты уақыт талабына сай жаңа кейіпке еніп, зертханалық сыныптар қайта жабдықталды. Ал орындық пен партаның биіктігін оқушылардың бойына сәйкес реттеуге болады.

Айжан Алимова, мектеп директоры:

- Мектебіміздегі барлық оқу жиһазы жаңартылып, материалдық базамен толық қамтамасыз етілді. Он жаңа интерактивті тақта берілді. Интернетке толық қосылды. Балалардың қауіпсіздігі үшін камералардың саны көбейтіліп, қазіргі таңда орталықтандырылған жүйеге қосылды.

Биыл өңірде 8 ескі мектеп қайта жаңғыртылды. Сонымен қатар облыс орталығындағы үш ауысымға көшу қаупі бар 4 білім ошағына қосымша ғимарат салынды.

Динара Оспанова, мектеп директорының орынбасары:

- Бұрын егер 624 орындық мектепте 2 мың бала оқыса, қазір осы екі ғимаратта 2500-дей бала оқиды. Осы жаңа ғимаратта 17 сынып комплектісі бар. Сол 17 сынып үш этажда орналасқан.

Биыл аймақта 17 жаңа білім беру нысанын іске қосу жоспарланған. Оның ішінде апатты мектептер мәселесі де қамтылып отыр.

Асқарбек Есжанов облыстық білім басқармасының басшысы:

- Арал ауданындағы Тоқабай ауылында және Ақшатау ауылында демеушілердің есебінен жаңа мектептің құрылыстары салынып жатыр. Осы жылдың басында аймақта 8 апатты мектеп болатын. Оның төртеуінің мәселесі шешіліп тұр. Төртеуі алдағы 2025 жылы шешіледі. 

Бүгінде облыста 10 жайлы мектептің құрлысы жүріп жатыр. Соның бірі жуырда Қызылорда қаласының сол жағалауынан ашылады. Айта кетейік, өңір мектептеріндегі үш ауысым мәселесі толық шешілді. 

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев