Шет тілін тез меңгерудің сыры
Бүгін адал еңбегімен елге қызмет етіп жүрген отандастарымыз дәріптелуде.
Солардың бірі - ағылшын тілі бойынша алғашқы мектеп оқулықтарын шығаруға мұрындық болған ұстаз, филология ғылымдарының докторы, АҚШ-тың Аризона университетінің құрметті профессоры Аяпова Таңат Тәңірбердіқызы. Тәжірибелі маман шет тілін үйренудің басты алғышарттарымен бөлісті.
Таңат Аяпованың сырт келбетінен зиялылықты, ағылшындарға тән ұстамдылық пен талғампаздықты бірден байқауға болады. Ол соңғы трендтерді ұстанбайды, бірақ өзінің авторлық курстарын заманауи интерактивті құралдармен толықтырып, студенттердің жаңа буынын халықаралық стандарттарға сай дайындауда.
Майра Үсен, Абай атындағы ҚазҰПУ студенті:
- Біз ол кісіден лекция, сонымен қатар семинар сабақтарын аламыз. Бұл сабақ - біздің мамандығымыз үшін өте жоғары деңгейде керек болып жатқан сабақтардың бірі. Себебі ағылшын тілінің маманы ретінде, осы лексикология пәні - жоғары деңгейдегі өту керек сабақтардың бірі.
Болашақ тіл мамандары үшін әр сөздің мәнін түсіну маңызды. Себебі олар аз уақытта өздері де ұстаздық жолды бастайды. Айта кетейік, қазақстандық мектеп оқушылары да ағылшын тілінің шақ жүйесін, сөйлем құрылысын Таңат Аяпованың оқулықтарынан үйренді.
Таңат Аяпова, филология ғылымдарының докторы, профессор:
- Мұнда оқулықтар тұр, мінекей. Біздің отандық, бірінші оқулықтар. Бұл оқулықтарға біз 18 жыл жұмыс істедік. Шыққаннан кейін, мектептерде оқылғаннан кейін – қандай кемшіліктер бар, қандай переработка дейді ғой, қайтадан өңдеу, сондай нәрселерді жасадық.
Профессор Аяпова 3 монография, 64 оқулық, 300-ден астам ғылыми-әдістемелік еңбек жазды. Зерттеулер барысында 2000 баланың әңгімесінің жазбасын талдаған ұстаз шет тілін оңай меңгерудің басты сырымен бөлісті.
Таңат Аяпова, филология ғылымдарының докторы, профессор:
- Тілді үйреніп жатқан адамдарға, үйренушілерге, өзінің ана тілі – негізі болып саналады. Лев Семенович Выготский деген ғалым болған, «Мышление и речь» деген еңбегінде айтқан. Ана тілі - ол шет тілін оқыту негізі. Ары қарай біз оны балаларды қызықтырып, ағылшынның мәдениетіне еңгізіп, текстер оқиды – мәтіндер немесе видеолар қарайды, әңгімелер тыңдайды. Сонда кім тұр алдында? Не тұр алдыңда? Ол ағылшын халқы туралы.
Таңат Аяпова ұстаздықтан бөлек, ғылымдағы әйелдерге үнемі жол көрсетіп, қолдау білдіріп жүреді. 2015 жылы республикалық деңгейде «Қазақстандық ғалым әйелдер қоғамы» қоғамдық бірлестігін құрып, «Ғылым. Әйел. Қоғам» журналына жетекшілік етті. Ал жуырда қазақ ғалым әйелдері жайлы энциклопедия құрастырып, оқырманға ұсынды.
Гүлжан Көленқызы, Индира Унгарбаева, Сержан Жұмабаев