Ғалымдар сутегін тасымалдаудың тың тәсілін ұсынды

Сутегі өндіру оңай емес. Тасымалдау одан да қиын. Отандық ғалымдар осы мәселені зерттеуде айтарлықтай жетістікке қол жеткізді.

Сутегін атом электр стансысынан да, метан газынан да өндіруге болады екен.

Атом электр стансысынан сутегі өндіруге болады. Қазір Ұлттық ядролық орталығы арнайы зерттеулер жүргізіп жатыр. Орталықта Қазақстанда баламасы жоқ зертхана жабдықталған. Зерттеу бағдарламасы сутегін өнеркәсіптік мақсатта қолдануды көздейді.

Арман Миниязов, ҚР ҰЯО Атом энергиясы институты технологиялық құзыреттілік орталығының директоры :

- Энергия ретінде қарастыратын болсақ, атом электр стансысындағы үлкен ауқымды энергияны біз сутегі ретінде, отын ғой сутегі, энергия көзі болып табылады. Сол сутегіге айналдыра аламыз. Ары қарай, әрине, бұл металлургияда, өнеркәсіпте кеңінен қолданылады және болашақта Қазақстанда транспортта да қолданылуы мүмкін. Себебі, мысалы, Ресейде, Жапонияда жалпы сутегімен жүретін транспорттар бар.

Ғалымдар метаннан сутегі алу жолдарын да зерттеп жатыр. Бұл әдіс пиролиз деп аталады. Сутегі газ күйінде алынады. Мамандардың айтуынша, шикізаттан сутегін өндіру үлесі жоғары. Яғни 90%-тен асады.

Арман Миниязов, ҚР ҰЯО Атом энергиясы институты технологиялық құзыреттілік орталығының директоры:

- Жалпы бұл технология арзан болмайды. Яғни бұл жоғары технологиялық әдіс болғандықтан, бағасы да қымбатырақ. Бірақ экономикалық жағынан есептегенде тиімділігі жоғары. Сонымен ақталады. Сондықтан егер бізге жоғары, таза деңгейлі сутегі қажет болса, соны біз осы технологиямен қолданып ала аламыз. Бұл толығымен өзіміздің осы институтта жүзеге асырылған. 

Бір қиыны – сутегін тасымалдау. Бірақ орталық ғалымдары бұл мәселенің де шешімін тауып отыр.  

Арман Миниязов, ҚР ҰЯО Атом энергиясы институты технологиялық құзыреттілік орталығының директоры:

- Бізде қазір, мысалы, материалдарды, сутегін сақтауға арналған материалдар жасау, бұл сутегі енді газ болғандықтан, өрт қауіптілігі болғандықтан, мұны қысымсыз сақтау, қауіпсіз сақтау жолдары бар. Сол жолдардың бірі, арнайы материал дайындап, сол материалға сутегін ішіне толтыруын қамтамасыз етеміз.

Оспан Өкен, ҚР ҰЯО Атом энергиясы институты перспективалық материалдар зертханасының зертханашысы:

- Қазіргі біздегі дайындап жатқан материалдар ол сутегі металдың ішіне енгізіп жіберу. Сол арқылы тасымалдаймыз. Оны белгілі бір температурада қыздырамыз да, металдың ішіне енгіземіз. Қажетті болған кезде оны қайта қыздырып, белгілі бір температураға жеткізіп, қайтадан шығарып аламыз. Ол тасымалдау көлемін де кішірейтеді, бірақ сутегі көлемін үлкейтеді.

Әрине, зерттеу барысында сутегіні тасымалдаудың экономикалық тиімділігі де ескерілген. Мамандар бұл мақсатта арзан металдарды қолдануды жоспарлап отыр.

Оспан Өкен, ҚР ҰЯО Атом энергиясы институты перспективалық материалдар зертханасының зертханашысы:

- Мысалы, магнийге ауыстық. Өйткені магний қазір жер бетінде табылу жағынан да салыстырмалы түрде арзан басқа материалдарға қарағанда. Басқа материалдардан да жасауға болады. Мысалы, палладий, болмаса лантан сияқты материалдармен. Бірақ ол салыстырмалы түрде қымбатырақ шығады. Сол үшін арзан материалдарға ауысып, соны зерттеп жатырмыз.

Қазір елде 500 млрд текше метр көмір метанының қоры бар. Бұдан бөлек, метан мұнай-газ өнеркәсібінде де күнделікті ауаға тарап жатыр. Отандық ғалымдар енді осы метаннан сутегі өндіріп, мол ресурсты халық кәдесіне жаратуды көздейді. Ал атом электр стансысы салынса, сутегін молынан пайдалануға болады.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Нұрғали Мамырбаев.