Абай облысында бір отбасында бес бірдей адам ұстаздық етеді

Абай облысының Бесқарағай ауданында саналы ғұмырын білім беру ісіне арнап, ата жолын жалғаған Сейілхановтар отбасы тұрады.

Жергілікті жұрт оларды ұстаздар әулеті деп таниды. Бүгінде бір отбасында бес адам осы салада қызмет етеді.

Жұмат Сейілхановтың ұстаздық қызметін бастағанына 30 жылға жуықтаған. Қазір балаларға білім берумен бірге директорлық қызметті қатар алып жүр. Ол абыройлы мамандық иесі атануды бала күнінен армандапты. 

Жұмат Сейілханов, еңбек пәнінің мұғалімі:

- Бастауыш кезінде бізге Бектұрсынов Жоламан деген ақсақал сабақ берді. Ұлы Отан соғысының ардагері әрдайым костюм киіп жүретін кеудесі толған орден болатын. Бірден бір мұғалімдік жолды таңдауыма себепкер болған сол ұстазым ба деп ойлаймын.

Жұматтың жұбайы да осы мектепте бастауыш сынып мұғалімі. Жалпы бір шаңырақтан 6 мұғалім  шыққан. Жастарға өнегелі тәрбие мен сапалы білім берген ұстаздар әулетін ауылдастары мен әріптестері  мақтан тұтады.

Күлімхан Айтбұланова, химия және биология пәнінің мұғалімі:

- Өте жақсы шебер мұғалімдердің бірі. Ол кісі балаларды сурет салуға өнерге баулиды. Өзінің оқушылары талай конкурстардан жақсы жүлделі орындар алды. Анасы Бақытжан апаймен бірге істедім. Ол кісі де 40 жылдай осында сабақ берген. Ол кісі өте жақсы ұстаз. Шәкірттері де өзінің жолын жалғап облысымыздың мектептерінде математика мұғалімі болып жүр.

Бүгінде ұстаздар отбасы 5 бала тәрбиелеп өсірген бақытты жандар. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді. Балаларының үшеуі мұғалімдік мамандығын таңдап ата-ана жолын бірге жалғастырып келеді. Әулеттегі алғашқы ұстаз Бақытжан Сейілханова  40 жылға жуық білім саласына үлес қосқан. Еңбек кітапшасында бір ғана мекеменің мөрі соғылған екен. Ол Өндіріс орта мектебі.

Бақытжан Сейілханова, ардагер ұстаз:

- «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дейміз ғой. Ұстаздық етіп отыз жылдан астам еңбек еттім. Оқушылар барлығы жақсы болды. Тәлім-тәрбие бердім, өзің қандай болсаң, оқушыларың да сондай болады.

Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаздар әулеті өз кәсібіне деген адалдықты басты құндылық деп санайды. Мамандығым - мақтанышым дейтін отбасында шәкірт жүрегіне жол табатын ұстаздардың әлі талай буыны өсіп-өнетіні сөзсіз.     

 

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов