Алматыдағы ЖОО АЭС-ке қажетті мамандар дайындауға әзір
Алматыдағы жетекші жоғары оқу орындары атом электр станциясына қажетті мамандарды дайындауға әзір, деп хабарлайды 24kz.
Ол үшін университеттердің әлеуеті жеткілікті. Кейбірі ядролық физиканы 1960 жылдан бері зерттеп келеді. Ал, Сәтбаев университетінде қазір студенттер ядролық энергетика мамандағы бойынша білім алуда. «Бір қуанарлығы, осы мамандықты таңдайтын түлектердің қатары жылдан жылға артып келеді», - дейді оқытушы-профессорлар.
Екі жыл бұрын ядролық энергетика мамандығы ашылғанда небәрі бес студент қабылданған. Биыл 12 студент білім алуда. Олар ядролық қауіпсіздік және ядролық қалдықтарды сақтау технологияларын зерттеп, зерделейді. Сондай-ақ болашақ мамандар атом энергетикасындағы компьютерлік әдістер мен Қазақстандағы атом энергетикасының өзекті мәселелерін бакалавр, магистратура, доктарантура дәрежесінде меңгеріп шығады.
Андрей Корецкий, Satbayev University 2-курс студенті:
- Осы кітапты оқығаннан кейін болашақ атом энергетикасында екенін түсініп, осы мамандықты таңдадым. Мені ядролық қалдықтар тақырыбы қызықтырады. Бұл АЭС құрылысына қатысты азаматтарды мазалайтын сұрақтардың бірі. Сондықтан осы мәселені шешу жолдарын зерттегім келеді.
Студенттер қазірдің өзінде Ядролық физика институты мен Ұлттық ядролық орталықта тәжірибе жинақтауда. Жақында Қазақстанның жетекші университеттері мен Ядролық физика институты атом электр станциясы үшін мамандарды бірлесіп даярлау туралы құжатқа қол қойды. Бұл қадам еліміздің атом энергетикасы саласын дамытуға зор үлес қосары сөзсіз.
Қасым Елемесов, Satbayev University Энергетика және машина жасау институтының директоры:
- Білім беру бағдарламасының 60%-ін ядролық энергетика бойынша тәжірибесі бар мамандар жүргізеді. Бізде тіпті Фукусимада жұмыс істеп, тағылымдамадан өткен оқытушымыз бар. Яғни, біз студенттерді реактордың суретімен оқытып жатқан жоқпыз. Білім бағдарламасы нақты зерттеулерге негізделген.
Ал Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде ядролық физика кафедрасы сонау 1960 жылы ашылған. «Сол уақыттан бері салада ғылыми мектеп дәстүрі қалыптасты», - дейді оқытушылар қауымы. Сондықтан бізде тек мамандар дайындау емес, нақты бағыт айқандалған.
Медеу Әбішев, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ Теориялық және ядролық физика кафедрасының меңгерушісі:
- Қазіргі уақытта ося ядролық физика мамандарының белгілі бір санын дайындаймыз қажеттілік бойынша. Егер АЭС салынатын болса, онда сәйкесінше, адамдардың санын көбейтеміз. Және біз осы бағытқа сәйкес келетін ядролық инженерия деген мамандық аштық. Ядролық медицина деген мамандық бар. АЭС салынатын болса, тағы да бірнеше инженерлік мамандықтар ашылу керек болады.
Алматы энергетика және байланыс университеті – жылу энергетика жүйелері бойынша мамандардың ұстаханасы. Алдағы уақытта бұл білім ордасында да ядролық энергетика саласының мамандарын дайындау жоспарланып отыр.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев, Радик Жакупов