Абай облысында 120 жылдық еңбек өтілі бар ұстаздар әулеті тұрады
Абай облысында 40-қа жуық ұстаздар әулеті бар, деп хабарлайды 24kz.
Солардың бірі Ажа ауылында тұрады. Ардагер ұстаз Әділбек Қауысов жергілікті мектепті ұзақ жыл басқарып, талай буынға тәлім-тәрбие берді. Ата жолын үш баласы жалғап отыр.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Әділбек Қауысов 1961 жылы Ақсуат ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1995 жылы Ажа ауылында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі боп бастаған. Күні бүгінге дейін оқушыларға тәлім тәрбие беріп, директорлық қызмет атқарып келеді.
Әділбек Қауысов, Романов негізгі мектебінің директоры:
- Ең бірінші – қарапайымдылық. Сонан соң басты назарда білімділік қой. Білімді болу керек. Ұстаз, директор болғаннан кейін ол адам барлығын біліп тұруы керек. Қарапайым болуы керек. Кез-келген адамның, оқушының жүрегіне жол таба білуі керек. Мен солай ойлаймын.
Қауысовтар отбасындағы алғашқы ұстаз Әділбек ағаның анасы болған. Өмір бойы ауыл мектебінде еңбек етті. Қазір аудан жұртшылығы отбасын ұстаздар әулеті дейді. Себебі бәрі де педагогика саласында қызмет етеді. Қазір олардың жалпы еңбек өтілі 120 жылға жуықтаған.
Серікбек Толғанбаев, Ажа ауылының тұрғыны:
- 1992 жылдары мектеп жабылады деген кезде бірінші мектепті ұстап қалған. Мектептің арқасында осы ауыл болып тұрақтадық. Жаппай, жаптырмай ұстап қалған адам.
Әсем Тоқсанова, бастауыш сынып мұғалімі:
- Әділбек Оразғалиевичті 2000 жылдан бері танимын. Содан бері міне, 24 жыл уақыт өтті. Ол кісінің отбасымен бірге, балаларына сабақ бердім. Өте білікті ұстаз. Балалары да өте мейірімді қайырымды.
Қауысовтар отбасының кенжесі Мырза да еңбек жолын ауылдағы мектепте бастаған. Ұстаздық салаға келгеніне биыл 4 жылдан асыпты. Дене шынықтыру мұғалімі жастайынан спортқа қызыққан. Шаңғыдан спорт шебері. Ата жолын жалғаған ұлағатты ұстаз.
Мырза Қауысов, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:
- Әкем өздері ұстаз болғандықтан, анам да ұстаз болғандықтан осы салаға келуіме бірден-бір себеп сол. Негізінен өзім дене шынықтырумен бала кезден айналысамын. Қысқы көпсайыстан спорт шеберімін. Барлық мамандық иелері осы мұғалімдіктен таралады. Барша ұстаздарды келе жатқан мерекелерімен құттықтаймын.
Әділбек аға баян аспабынан бөлек домбыра, гитара да ойнай алады. Қазақтың небір күйлерін шебер орындайды. Білім беру ісінің үздіктерінің өнегелі өмірі көпке үлгі. Қауысовтар отбасы ғалым да, шахтер да бас иетін ұстаздық қызметтен бақытын тапқан жандар.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов