Елдегі мекептерде 143 мыңға жуық жас мұғалім жұмыс істейді
Олардың еңбек өтілі 10 жылдан аспайды екен, деп хабарлайды 24kz.
Демек, ұстаз болғысы келетіндердің қарасы қалың деп айтуға болады. Арна тілшісі жас педагогтердің сабағына қатысып, оқыту процесін көрген еді.
Альмира Оразбай, тілші:
- Астаналық Жайна Ахметова мұғалім болу үшін мамандығын өзгерткен. Алғашқы білімі мемлекеттік басқару болған. «Онысы беделді көрінгенімен, жүрек қалауым ұстаз болу еді», - дейді жас маман. Қазір ол педагог ретіндегі қызметін абыройлы атқарып жүр.
Жайна Ахметова, бастауыш сынып мұғалімі:
- Мемлекеттік басқарудан мұғалімдікке келгенімде жаңа жұмысыма үйренісе алмай жүрдім. Шорт кесіп, өмірімді өзгерттім. Мен балаларды жақсы көремін. Ең маңызды миссиям – баланың жан-дүниесін ұғыну.
Мамандығын түбегейлі өзгерткен Жайна Ахметова осымен екінші жыл қатарынан мұғалімдік қызметін атқарып келеді. Қазір жасы 27-де. «Таңдауыма еш өкінбеймін», - дейді ол.
Жайна Ахметова, бастауыш сынып мұғалімі:
- Қазіргі таңда оқушыларға сапалы білім беретін мұғалім, кеңес айтатын әпке және қамқоршы болатын ана болуға талпынып жүрмін. Еңбек өтілім көп емес. Дегенмен, балалардың тілін тауып, оларды жақсылыққа баулығым келеді.
Жас мамандардың тағы бірі – Жанар Нөгірбекова. Химия пәнінің мұғалімі. Оның әжесі мен анасы да ұстаз болған. Жанар жақындарының жолын жалғап, осы мамандықты таңдапты.
Жанар Нөгірбекова, химия пәнінің мұғалімі:
- Жұмыстың оңайы жоқ. Кейде қиын сәттер болады. Дегенмен, оқушылар алдындағы жауапкершілігімді ұмытқан емеспін. Себебі олардың білімді азамат болып қалыптасуына үлесімді қосуым керек. Өзім де үнемі ізденіс үстінде жүріп, оқушыларды барлық білім нәрімен сусындатқым келеді.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, елдегі барлық білім беру ұйымында шамамен 600 мың педагог бар. Ал 10 жылға дейінгі еңбек өтілі бар жас мамандардың саны 143 мыңға жуықтайды.
Авторлары: Альмира Оразбай, Полина Зачиналова