Атырауда ер азаматтарды мұғалімдікке баулитын мектеп-интернат ашылды
Атырау облысындағы мектептерде ер мұғалімдердің үлесі аз. 11 жарым мыңнан астам ұстаздың тек 10%-і ғана ер азаматтар, деп хабарлайды 24kz.
Осыған орай әр өңірде балаларды мұғалімдікке баулитын мектеп-интернаты ашылды.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Нұрсұлтан Рахымғали – «Ұстаз» мектебінің шәкірті. Бұған дейін Қызылқоға ауданында оқыған. Қазір физика-математика бағыты бойынша дәріс алып жүр. Жаңа ортаға үйренген ол үздіктер қатарында. Болашақ мамандығын да таңдап қойған.
Нұрсұлтан Рахымғали, «Ұстаз» мектебінің шәкірті:
- Болашқта физика пәнінің мұғалімі болғым келеді. Қазіргі таңда түрік тілін үйрену бойынша курстар ашылып жатыр. Ағылшын курсы да көптеп қолданысқа ие болуда
«Ұстаз» мектебінде 90 бала оқиды. Олар жаратылыстану-математика, қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша тереңдетілген білім алады. 2021 жылы басталған пилоттық жоба шалғай ауылдарға да таныс. Биылдың өзінде бір орынға 3 талапкер таласқан.
Қайрат Сисенов, мектеп директорының орынбасары:
- 90% тек ауылдың балаларына басымдық беріп тұрмыз. Біз университет жанынан ашылғасын тамағы, жататын орын, зертханалардың барлығы тегін, әскери дайындық, спорт сабақтарының барлығы университеттің базасында өтеді.
Мұнда жоғарғы университет пен колледж оқытушылары дәріс оқиды. Әзірге мектеп-интернаттың дербес оқу ғимараты жоқ.
Саламат Ідірісов, университет ректоры:
- Ұстаз боламын деген ер балаларды болашақта мұғалімдік мамандықты таңдауына тек қана мектеп бағдарламасы емес, қосымша шешендік өнер, әртүрлі тілдерді меңгеру, спорт, өздерінің қандай өнері бар соларды бойларына дамыту әрі қарай, ұстазға қажет дағдыларды ойына сіңіреміз.
Білім ошағында ер мұғалімдердің аздығы бала психологиясына кері әсерін тигізеді. «Мектеп табалдырығын енді аттаған оқушы ұстазына қарап еліктеп, сол сияқты болуға ұмтылып өседі», - дейді психологтар. Жаңа жоба осындай олқылықтың орнын толтырмақ. Студент атанған түлектердің алды 2025-2026 жылдары оқуын аяқтайды.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин