Жасанды интеллект ұстаздардың көмекшісіне айналды
Қазір елімізде мұғалімдер түрлі цифлық бағдарламалар арқылы сабаққа қажетті материалдар дайындап жүр, деп хабарлайды 24kz.
Осылай уақытты үнемдейді әрі балалардың білімге құштарлығын одан әрі арттыра түсті. Алдағы жылдары жасанды интеллект білім беру стандартына енгізіледі.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Гүлжазира Кемелбекова балалардың қазақ әдебиеті пәніне қызығушылығын арттыру үшін жасанды интеллектіні жиі қолданады. Оның арнайы бағдарлама арқылы дайындаған кейіпкері батырлар жырын баяндай жөнеледі. Ал оқушылар ұйып тыңдап, оқиға желісіне еніп кеткендей әсер алады.
Гүлжазира Кемелбекова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
- Балаларға біз қазір тек тақтаға жазу арқылы қызықтыра алмаймыз. Оларды осындай бейнелерді сөйлету арқылы, 3D форматындағы бейнелерді сөйлету арқылы қызықтыра аламыз. Үйге барған кезде де біз сабаққа дайындалу үшін қайтадан отырамыз ғой. Сол кезде біздің уақытымызды үнемдейді жасанды интеллект. Бір жақсысы, ол 5 минут аралығында сізге керекті затыңызды жасап береді.
Оқушылардың үй тапсырмасы мен эссе-шығармаларын да жасанды интеллект көмегімен тексеруге болады. Ол үшін сервиске бағалау критерийін енгізсеңіз жеткілікті. Жасанды интеллектіні үйренуге ниет білдірген ұстаздар көбейіп келеді.
Қанат Есіркепов, жасанды интеллект бойынша сарапшы:
- Оқушылардың үй тапсырмасын баяғыда қолмен бүйтіп тексеретін болса, қазір бір жинап алып, бір Excel-ге салып жіберіп, бірден мына жерде кім қателесті, кім қателескен жоқ, бағаны жүйелеп бер де, соңында кімге қанша баға беру керек деген сияқты анализ жасап бер десеңіз, ол сізге бәрін қорытындылап береді. Менің негізгі аудиториям – мұғалімдер. Өздері де алғыстарын айтып, рахметін айтып жатыр.
ЮНЕСКО құрамындағы елдердің 11-і білім беру бағдарламаларына жасанды интеллектіні қосқан. Қазір отандық мамандар олардың тәжірибесін зерделеп жатыр. 2026-2027 оқу жылында жаңа білім беру стандарты енгізілмек. Дегенмен жасанды интеллект дербес пән ретінде қарастырылмайды.
Руслан Қаратабанов, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының вице-президенті:
- Өйткені қазір пәндердің саны онсыз да көп. Ол оқушыға деген оқу жүктемесі зор. Сондықтан біз оны қай пәннің мазмұны, табиғатына сай келетін мүмкіндіктер болса, сол тақырыптарға қосып отырамыз. Әрине, ең бірінші өзгеріске ұшырайтын пәндердің бірі – информатика. Информатика өзінің дәстүрлі тақырыптарын оқи отырып, ЖИ деген тараумен толықтырылады. Бұл жерде балаларды кәсіби тұрғыда әртүрлі дағдыларға үйретеді.
Білім беру стандарты бекітілген соң, біліктілікті арттыру орталықтарымен бірге мұғалімдерді оқыту үрдісі жүргізіледі. «Бұл бастама бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу жолында маңызды қадамдардың бірі болмақ», - дейді мамандар.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Ақылбек Есімсейітов