Қызылордадағы мектепте ұлттық құндылықтар ұлықталады

Қызылорда облысында ұлттық құндылықтарды білім берудің негізіне айналдырған мектеп бар, деп хабарлайды 24kz.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы оқу ошағы тың жобалар арқылы оқушылардың сапалы білім алуына жол ашып отыр. Киіз басып, кесте тоқитын немесе тоғызқұмалақ ойнаған оқушының оқуға ынтасы артатыны рас па?

Нұрлан Жақыпбек, тілші:

- Оқушылар ғылыми, ресми және әлеуметтік-мәдени салалар бойынша сауатты мәтін жазып үйренеді. Дұрыс сөйлеп және шешендік өнерді меңгереді. Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектепте қолға алынған «Тіл білімі мектебі» жобасына мұғалімдермен қатар ғалымдар да атсалысады.

Айжан Алимова, мектеп директоры:

- «Тіл білімі мектебі жобасы» аясында мектебімізде 6 зерттеу зертханасы жұмыс жасайды және «Қазтест» орталығы жұмысын бастады. «Тіл білімі» жобасын жүзеге асыру үшін қазіргі таңда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетімен және Қызылорда облыстық тілдерді дамыту орталығымен, Қызылорда облыстық оқыту-әдістемелік орталығымен тығыз байланыста жұмыс бастап жатырмыз.

Мектепте біліммен қатар тәрбиеге ерекше басымдық беріліп отыр. Мысалы «Көркем еңбек» пәнінде ісмер ата-аналар балаларды қолөнерге баулиды. «Іскер ана» деп аталатын жоба аясында білім ұясының талантты оқушылары бірнеше халықаралық көрме-байқаулардың бас жүлдесін жеңіп алған.

Дәрігүл Таңатарова, көркем еңбек пәнінің мұғалімі:

- Құрақ құрайтын ата-анамыз бар. Жүннен киіз басатын, сырмақ басатын, текемет басатын, аяқ киім бұйымдарын жасайтын ата-аналарымыз бар. Осы кісілер барлық білгендерін біздің оқушы қыздарымызға бос уақытын тиімді пайдалануға көмегін көрсетіп жатыр.

Ұстаздар тоғызқұмалақты да түрлендірген. Ақыл-ойды дамытуға арналған ұлттық ойынды дене шынықтыру бағытына икемдеп, пәнді оқытудың тың әдісі ретінде енгізіп отыр.

Гүлзат Әбдікәрімова, математика пәнінің мұғалімі:

- Тоғызқұмалақ үйірмесі барысында оқушылар тек орнында отырып қана үйретпей, жылжымалы түрде үлкен асықтардың көмегімен командалық ойын барысында ойнауды тәрбиеге қосып жатыр. Әлеуметтік желіге көп отырады ғой балалар. Сол әлеуметтік желіде отырмас үшін балаларды осындай қозғалыс, қимыл, спорттық ойындармен біз қамтитын болсақ, балалар салауатты болып өседі деп ойлаймыз.

Әр сабақты қызықты өткізу – балалардың оқуға ынтасын арттырады. «Шәкіртін биіктен көру – ұстаз мұраты», - дейді ұлағатты жандар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев