СҚО-да 77 жыл еңбек өтілі бар ұстаздар әулеті тұрады
Солтүстік Қазақстан облысында 77 жыл еңбек өтілі бар ұстаздар әулеті тұрады, деп хабарлайды 24kz.
Әке жолын қуған Алексей мен Екатерина Абдуллиндер дене шынықтыру пәнін таңдап, балаларды спортқа баулып жүр. Ал аналары бастауыш сынып мұғалімі.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Алексей Абдуллин жастайынан доп теуіп, футбол ойнап өсті. Содан бері өмірін спортқа арнап, мектепте сабақ береді. Ол өткен жылы облыс бойынша дене шынықтыру пәнінің ең үздік мұғалімі атанды. «Бұның бәрі әкемнің арқасы», - дейді маман.
Алексей Абдуллин, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:
- Бұл мамандыққа келуіме әкем себепкер болды. Ол мені екінші сыныптан спортқа баулып, футбол үйірмесіне берді. Содан бері қол үзбей шұғылданып келемін. Қазір мұғаліммін.
Алексейдің әкесі Александр Абдуллин де дене шынықтыру мұғалімі болған. Қазір өмірден өтсе де, ізін балалары басып келеді. Қызы Екатерина да осы мамандықты таңдап, спортты серік етті.
Екатерина Кузнецова, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:
- Біздің отбасымызда анам мен ағам мұғалімдікке жақын. Ал әкем екеумізге жаттықтырушылық ұнайды. Көбіне спорттық жарыстарды ұйымдастыруға құмармыз. Бізге осындай тәрбие берген ата-анама алғыс айтамын.
Мұғалім – қашан да қоғамда сыйлы, құрметке ие мамандық. Бұл әулеттің жалпы еңбек өтілі – 77 жыл. Олар алда да білім беру саласына қызмет ете бермек. Өйткені ұстаздық еткен жалықпас...
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков