Атырау облысында «Жайлы мектеп» аясында екі мектеп ашылды

Атырау облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған екі мектеп пайдалануға берілді, деп хабарлайды 24kz.

Алмалы ауылдық округінің Береке ауылында 1200 орындық және Сарыөзек ықшамауданында 300 орындық білім ордасы ашылды. Мектептер Жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін кедергісіз орта қалыптастырылды. Мұнда психолог, логопед мамандарға арналған кабинеттер, заманауи үлгідегі оқу сыныптары, физика, химия және STEM зертханалары бар. Жыл соңына дейін өңірде тағы үш «Жайлы мектеп» тапсырылады.

Алмаз Нұрғалиев, Алмалы ауылдық округінің тұрғыны:

- Кенже балам осында 1-сыныпқа келіп жатыр биыл. Халық саны өсіп жатыр. Бала саны өсіп жатыр. Жаңа мектеп бола тұрғанмен, оған да сыймай жатырмыз. Соған қарасып, ауылға осындай үлкен 1200 орындық жайлы мектеп салып беріп жатыр.

Ханшайым Көпбергенова, Алмалы ауылдық округінің тұрғыны:

- Немерем оқиды осында. Қазір 1-сыныпқа алып келдім. Қуаныштымыз, 1-сыныптан бастап жаңа мектепте, жайлы мектепте оқиды.