Қызылорда облысында он мектеп халық игілігіне беріледі

Қызылордалық оқушылар үшін физика-математика мектебі мен инновациялық шығармашылық орталық салынып жатыр.

Нысандар келер жылы іске қосылады. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ұстаздар күніне орайластырылған салтанатты шарада айтты.

Былтыр қызылордалық 5 мұғалім республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы атанды. Ал биыл бұл сынға өңірден 9 ұстаз қатысады. Ел ертеңін білім нәрімен сусындатқан мәртебелі мұғалімдерге қомақты қаржылай сыйақы да қарастырылған. Сонымен қатар білім беру нысандарының қатарын көбейтіп, ескісін жаңғырту жұмыстары да жалғаса береді. Ұлағатты жандарды ұлықтауға арналған салтанатта облыс әкімі осындай бірқатар жоспарды жария етті. 

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Жыл басынан бері 10 білім беру нысандары пайдалануға берілді. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасы аясында аймағымызда 12 мың 300 орынға арналған 21 мектеп салынуда. Биыл 10 мектеп ел игілігіне пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Әр оқушының жүрегіне жол тауып, тың ізденістердің арқасында дарынды шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаздар марапатталды. 

Шакизат Бисенова, физика пәнінің мұғалімі:

- Алдымызда отырған шәкірттерді білімін жетілдіруге, елдің елеулі тұлғасы етіп, ел үшін қызмет ететіндей тұлға етіп тәрбиелеуге, еңбек етуге ынта-жігерімізді арттырды деп ойлаймын осы марапат. 

Мерекелік шара ұстаздар мен оқушылардың арнайы концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев