Білім нәрімен сусындатқан ұстаздар

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев ардагер ұстаздарды үйлеріне барып, төл мерекемен құттықтады.

Аймақта 1250 ардагер ұстаз тұрады. Салтанатты жиында бірқатар педагог оқу ағарту министрлігінің төсбелгісіне ие болды.

Марватжан Байқанов 1929 жылы Башкөл ауылында туған. Тыл еңбеккері саналы ғұмырын ұстаздыққа арнады. 1989 жылы 40 жылдық еңбек өтілімен зейнетке шыққан. 95 жастағы қарияны облыс әкімі төл мерекесімен құттықтады. 

Марватжан Байқанов, ардагер ұстаз:

- Соғыстан кейінгі уақыт өте ауыр жылдар болатын. Көпшілік жағы киім жағы, тамақ жағы жетіспейтін еді. Сол қиындыққа шыдап, біз енді тырысып оқыдық. Заман да, тұрмыс та өзгерді.Жастарға енді тырысып өмірдің алдыңғы сапында болсын деген тілек айтамын. 

Абай облысында 15 мыңнан астам мұғалім жұмыс істейді. Ұстаздар күні қарсаңында бірқатары марапатталды. Нафиза Сабаева да өмірін педагогика саласымен байланыстырған. Алтыншоқы мектебінде 42 жыл еңбек етті. Физика пәнінің мұғалім ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. 

Нафиза Сабаева, ардагер ұстаз:

- Ұлы мерекеде ұлағатты ұстаздарды мерекесімен құттықтай отырып шәкірттері әлемге танытатын, жеңіс туын желбірететін шәкірттері мол болып әрдайым алғыс қамқасына бөлене берсін. 

Ұстаздарды марапаттау рәсіміне 500-ден астам мұғалім келді. «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісіне 9 педагог, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісіне 2 ұстаз лайық деп танылды. 20 мұғалім облыс әкімінің алғыс хатына ие болды. 

Айнұр Исабаева, облыстық инновациялық-әдістемелік орталығы директорының міндетін атқарушы:

- Әрбір оқушының шәкірттің нәтижеге жетуі ол ұстаздың еңбегі деп білеміз. Сондықтан да егер ұстаз білімді болса, ұстаз құзыретті болса шәкірті де сондай деңгейде болады деген. Ұстаз еңбегі қажырлы. Ұстаз ұлық емес, ұстаздық міндет ұлы дейді. 

Салтанатты шара «Мерейлі ұстаз» тақырыбындағы концерттік бағдарламамен аяқталды.

Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов