Педагог: Ер азаматтарды мұғалім мамандығына көптеп тартқан жөн

Ер азаматтарды мектепке көптеп тартқан жөн.

Алматыдағы №209 мектеп-гимназияның директоры Болат Мыңбаев осылай дейді. Ұлағатты ұстаздың басшылық қызметке келгеніне енді бір жыл толады. Білім күні бастауыш сынып оқушыларымен билеген биі әлеуметтік желіге тарап, бір-ақ күнде танымал болған. Кәсіби мерекеге орай біздің тілшілеріміз Болат Мыңбаевпен тілдесіп қайтқан еді.Сюжетті бірге көрейік.

Мектеп директорының оқушылармен бірге билеп жүрген сәтін ата-аналардың бірі түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген. «Білім ошағының табалдырығын алғаш аттап тұрған бүлдіршіндерге қолдау білдіргім келді»,- дейді Болат Мыңбаевтың өзі. Директор болғанына енді бір жыл толады. Еңбек жолын Орал қаласында бастапты. Содан бері 16 жыл осы салада жұмыс істеп жүр. Мұғалім болып қалыптасуына алғашқы жұмыс істеген мектептің басшысы әсер еткен. Әйтпесе, мемлекеттік қызметке кетіп қалғысы келген. 

Болат Мыңбаев, №209 мектеп-гимназияның директоры:

- Болат сен мектепке келгенде білесің ба 11-сыныптарды бергенмін. Ия, 11-класты бердіңіз. ҰБТ-ға дайындап жатырмын ғой. Сен қазір желтоқсанда кетесің. Орныңа адам тапқанша 2 ай өтеді деді . Бұлар үйренгенше жаңадан келген мұғалімге тағы уақыт өтеді. Сонда бұл балалар ҰБТ Қазақстан тарихынан тапсыра алмай қалады ғой, деді. 

Осы бір ауыз сөзден кейін жас маман ешқайда кетпеген. Өзі дайындаған түлектері Ұлттық біріңғай тестілеуде үздік нәтиже көрсеткен. Сөйтіп, Оралда үздік педагогтардың қатарынан көрінеді. 2015 жылы Алматыға қоныс аударған. Мұнда келгелі директордың оқу, ғылым, тәрбие жөнідегі орынбасары қызметін атқарды. Жүрген жерінде бала тәрбиесінде ер мұғалімдердің орны ерекше екенін үнемі айтып жүреді. 

Болат Мыңбаев, №209 мектеп-гимназияның директоры:

- Ер адамның тәрбиесі бөлек. Ұл бала үшін, қыз бала үшін де. Бізде 90 пайыз әйел адамдар. 10-ақ пайыз ер адамдар жұмыс жасап жүр. Ер адамдардың мектепке көптеп келгені дұрыс. Ер адамға орта білім зәру. Мен айта алам. Себебі балалар ер адамның тәрбиесін алу керек. 

Ұстаз Жанар Сәрсенбекова да әріптесінің сөзін қолдайды. Соңғы кездері аз да болса, ер азаматтар мұғалімдер қатарын толықтырып жатыр. Ұлдардың артық қылығын ағайы шектеп отырғаны қандай жақсы. Ол жалпы оқу-тәрбиесінде болсын, отбасында болсын ер адамдардың орны ерекше екенін мықтап ескеру қажет,- деп есептейді. 

Жанар Сәрсенбекова, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары:

- Бала кезімізде әкең ренжиді, әкеңе айтам деген сөзден ығып өстік, әкең ұрыспаса да әкең дауыс көтермесе де тұлғасы айбынды екенін сезіп өстік. Мектептегі ұстаздар ер азаматтар көп болса, балалар да сондай бір сезіммен ер адамды сыйлауды құндылығын түсініп өседі. Өйткені бір әкенің тәрбиесін 100 мектеп бере алмайды дейді ғой. 

Болат Қанатұлы бұған дейін тарих пәнін компъютерлік ойынның көмегімен өткізіп те көптің көңілінен шыққан. Қазір де білім жүйесіне инновациялық әдістерді енгізіп, ұстаздардың біліктілігін арттыруға ден қоюда. Себебі, білім саласы да технологиялардың игілігін көру керек деп есептейді.

Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов