Биыл жамбылдық 82 ұстаз пәндік олимпиадаларда топ жарды

Биыл Жамбыл облысының педагогтері халықаралық және республикалық олимпиадаларда 82 жүлде иеленді.

Олардың арасында Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгіні алып, пәндік жарыстардың 10 дүркін жеңімпазы болғандары бар.

Бауыржан Кеңесов Тараздағы №45 қазақ классикалық гимназиясында математикадан сабақ береді. 9 жыл ішінде математикалық олимпиадалардан қалыс қалмай, бәріне қатысты. 7 рет халықаралық және 3 рет республикалық олимпиадалардың жеңімпазы да, жүлдегері де атанды. 

Бауыржан Кеңесов, математика пәнінің мұғалімі:

- Бүкіл оқушы математик болып кетпесе де, математиканы өмірмен байланыстыру арқылы өзіне керекті жеріне қолдана алатындай математиканы үйретуге тырысамыз. Ата-анасынан да көп тәрбие алады десек те болады кейбір мұғалімдерден. Сондықтан жауапкершілікті сезініп барынша жақсы бағыт беруге тырысамыз. 

Бауыржанның ондаған шәкірті де пәндік олимпиадаларда үздіктер қатарынан көрініп жүр. Сол себепті балаларын жеке оқытуды қалайтын ата-аналар көп.  Қазір Бауыржанның мыңдаған оқушысы дарынды балаларға арналған мектептерде білім алады. 

Рахат Кенжебекова, №45 қазақ классикалық гимназиясы директорының орынбасары:

- Жетістіктерге өзінің үлесін қосып жүрген мұғалімнің бірі де бірегейі деп айтар едім Кеңесов Бауыржан Бақытжанұлын. Мекептің мәртебесін арттыруға өте үлкен үлес қосуда біздің мұғалмдер. Біз қуанытымыз осындай ұстаздарымыздың жас та болса осындай ұстазымыздың ортамызда бар болғанына. 

Ал Айнұр Нұралиева өзі оқыған мектепте 28 жыл бойы ұстаздық етіп келеді. Бір қызығы осы ағарту ошағында әжесі, одан соң анасы да сабақ берген. Ұл-қыздары да ұстаздыққа бет бұрған. Педагог үшін өткен оқу жылы жемісті болды. Республикада үздік ұстаз атанып, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгіні иеленді.

Айнұр Нұралиева, №5 мектеп-гимназиясының мұғалімі:

- Мектепте оқып жүрген кезімде мен 2 нұсқаның есебін шығарып тастайтынмын. Сол кезде сол кісілер айтатын, Айнұр сен математика пәнінің мұғалімі бол деп. Ұстаздарымның арқасында ма, әлде өзімнің көргенім үйдегі кісілердің барлығы ұстаж болғандықтан ба, мен ұстаздық жолын таңдадым. Елдің баласы мен үшін білмеймін өз баламнан артық сияқты болып тұрады. Өз балаң артық қой әрине, бірақ сонда да көп көңіл бөлеміз десек артық айтпаймыз. 

Облыстағы 445 мектепте 26 мыңнан аса педагог жұмыс істейді. Олар білім берген оқушылар биыл халықаралық, республикалық білім және ғылыми жарыстарда 498 медальді иемденді.

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә