Ақтөбеде жүзге жуық мұғалім марапатталды
Кәсіби мереке күні 100-ге жуық ақтөбелік ұстаз марапатталды.
Облыс басшысы ерен еңбегімен ұрпаққа өнеге болып ұлт мақтанышына айналған педагогтарға «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін табыстады. Мерекеге арналған салтанатты шараға ардагер ұстаздар мен ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде талмай талпынып жүрген жас мұғалімдер қатысты.
Қайсар Құлымов мамандандырылған физика-математикалық лицей-интернатының мұғалімі. Шәкірттерін қазақ тілінің құрылым-құдіретімен таныстырып, ұлттық әдебиеттің жауһарларымен сусындатып жүргеніне 30 жылдан асты. Бүгін ол өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіне қосқан үлесі үшін «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісіне ие болды.
Қайсар Құлымов, облыстық мамандандырылған физика-математикалық лицей-интернатының мұғалімі:
- Бүгінгі күні оқушыларға қаншама тәлім-тәрбие беріп, саналы ұрпақ өсіріп, олардың өлшеусіз еңбек етіп жатқандығы барлығымызға мәлім. Мен бүгінгі осы ұстаздар мерекесінде барлық әріптестеріме еңбек жолындағы жақсы нәтижелерге қол жеткізуіне өз тілектестігімді білдіремін.
Облыс бойынша 433 мектеп бар. Оларда 26 мыңға жуық ұстаз еңбек етеді. Аймақ басшысы педагог мәртебесін мерейлі ету мақсатында барлық жағдай жасалып жатқанын жеткізді. Ондаған жаңа ғимарат салынып, материалдық-техникалық база нығайып келеді.
Асхат Шахаров, облыс әкімі:
- Жалпы Ақтөбе облысында да бірқатар жұмыстарды атқарып келеміз. Президент бастамасымен мына "Жайлы мектеп", жалпы мына үшауысымдық және апатты жағдайдағы мектептерді толықтай жою мәселесі. Біз енді келер жылы, биыл біраз мектептерді тапсырамыз. Жалпы 14 мектеп тапсырамыз деп жоспарлап отырмыз.
Мерекелік шарада мәртебелі мамандықтың үздіктері - «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкерлері» де марапатталды. Сонымен қатар дәстүрлі «Облыстың үздік және құрметті ұстазы» байқауларының жеңімпаздары мен жүлдергерлері анықталды. Білім беру саласында 40 жылдан астам тер төккен аға буын өкілдеріне «Еңбек ардагері» төсбелгісі табысталды.
Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов