Алматыда биыл 440 мұғалім біліктілігін арттырды
Алматыда биыл 440 мұғалім біліктілікті арттыру курсын оқыды.
Жыл соңына дейін 40 маман Малайзия, Қытай, Германия, Польшаның білім беру ұйымдарында тағылымдамадан өтеді. Олардың қатарында мектеп директоры, балабақша меңгерушісі мен әдіскерлер бар. Одан бөлек инклюзивті білім беру бойынша тағы 50 педагог Оңтүстік Кореяға барады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Ұстаздар күніне орай өткен мерекелік шарада айтты.
Күнбала Сығаева бүгінгі шараның құрметті қонағы. Ол үшін мұғалімдер күні ерекше мереке. 50 жылдан бері ұстаздық етіп келеді. Биыл 75-ке келді. Бірақ әлі де дәріс береді. Өзіне сабақ берген мұғалімдерін үлгі тұтып, осы мамандықты таңдаған.
Күнбала Сығаева, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі:
- Сол мұғалімдердің киген киімініе жүрген жүрістеріне қарап отырып, шіркін-ай біз де осындай мұғалім болсам деп армандадым. Зейнетке шыққаным қанша уақыт болса да, мен патриотпын өз мамандығымды өте жақсы көрем қазақ тілі мен әдебиетін. Әлі күнге дейін сол мектепте жұмысымды жалғастырып келемін.
Қазір Алматыда 25 мыңға жуық мұғалім бар. Олардың екі мыңнан астамы «Алматы ұстазы» байқауына қатысты. 7 педагог жеңімпаз атанды. Бас жүлдегерге 5 млн теңге табысталды. «Үздік білім мекемесі» атағына №15 гимназия лайық деп танылып, 68 млн теңгенің грантын иеленді. Осының бәрі білім жетілдіру бағдарламаларының нәтижесі, дейді ұйымдастырушылар.
Дәурен Сағынғалиев жаңа технологиялар ғылыми әдістемелік орталығының директоры:
- Сингапурлық компания Marshall Cavendish тарапынан біздің 70 педагогымыз өзінің білімін арттырған болатын. Одан бөлек Сингапур мемлекетінде 63 информатика пәнінің мұғалімі де өзінің кәсіби біліктілігін арттырып, жаңа технологиялар саласындағы жағдайларын жетілдірген болатын.
Салтанатты жиында ұстаздардың бірқатары марапатқа ие болды. Сала үздіктеріне «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі табысталды.
Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов