Шығармашыл ұстаздарға қолдау көп

Соңғы бес жылда Қазақстанда 1000-ға жуық мектеп ашылып, 1 миллионнан астам оқушының қолайлы ортада оқуына жағдай жасалды.

Қазіргі таңда 21 білім беру нысанының құрылыс жүріп жатыр. Бұл елдегі үш ауысымда оқитын мектептердің санын 70 пайызға қысқартуға мүмкіндік береді. Білім ошағының жайлы болуы оқушымен қатар ұстаздар қауымының шығармашылығын арттыратыны белгілі. Алтын ұя мектептерде қазір 600 мыңдай мұғалім еселі еңбек етіп жүр. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданған 2019 жылдан бері не өзгерді?

Өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатуға саналы ғұмырын сарп ететін ұстаздардың ең алдымен жалақысы 2 есеге өсті. Аттестаттау нәтижелері бойынша тағайындалған біліктілік санатын иеленгендер қосымша үстемақы алып жүр. Ғылымға баулып, қырандай баптаған оқушылары түрлі деңгейдегі олимпиадаларда топ жарса бір реттік сыйақы тағы беріледі. Өткен оқу жылында озат оқушылар халықаралық білім бәйгелерінде 473 медаль иеленіп, ел мерейін үстем етті. Жалпы үнемі ізденіс үстінде жүретін шығармашыл ұстаздарға деген қолдау айтарлықтай өскен. 

Айман Дүйсенбаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі  орта білім беру комитетінің басқарма басшысы:

- Сонымен қатар бізде материалдық тұрғыда қолдау көрсететін шығармашылық конкурстар көп. Атап айтсақ үздік педагог. 2012 жылдан бастап 700 дейін осы үздік педагог атанып, мың АЕК шеңберінде бір реттік сыйақы алды. Сонымен қатар 46 адам «Қазақстанның еңбегі сіңген ұстазы» деген мемлекеттік наградаға ие. 

Ел ертеңі – білімді ұрпақ. Осы ретте ел аумағында мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 217 жайлы мектеп құрылысы жүріп жатыр. Әсіресе ауылдардағы білім ошақтарын жаңадан салуға баса мән беріліп отыр. Мәселен Астана іргесіндегі Қызылжар елді мекенінде оқушы саны жыл сайын артқандықтан ескі мектепке сыймай кеткен. Мемлекеттік бағдарлама аясында қазір ауыл балалары еңселі ғимаратта білім алып жүр. 

БЛИЦ:

- Мектебіміз 11 жылдық мектеп болды. Біз оқыған уақытта ағаш мектепте оқыдық 4-ақ жылдық болған, шырағым. Көркейіп жатыр, ауыл өсті, тамаша болды.

- Қалаға, далаға шапқылап жұмыс іздеп жүрмейді. Мектебіміз жаңа ашылды. Мед пункті бар, орталық ашылды. Үстінде жас кішкентай балаларға сабақ, би бәрін береді. 

Білім беру ұйымдары мемлекеттік жеке меншік әріптестік аясында да оқу сыныптарын озық үлгіде жабдықтау үстінде. Химия, физика, биология, робототехника, IT, STEM кабинеттерін жасақтауға жергілікті кәсіпкерлердің қаржысы тартылып отыр.

Меруерт Асанова, Қабанбай батыр атындағы орта мектеп директорының орынбасары:

- Мектебімізде 1300-ге жуық оқушы оқиды. Аралас мектеп, 21 ұлт өкілі оқиды. Білім мекемесі болғаннан кейін оқушыларға, өскелең ұрпаққа жасалатын дүниелерге қызығамыз ғой. Сол балалардың уақытын тиімді пайдалану үшін өнер орталығы ашылып жатыр. Жалпы балалар қала мен екі ортаға қатынап жүрмесін деп 1 млн 200 мың тг сомасында осындай кәсіби барлық жағдайымен, бірнеше микрофонымен біздің армандаған аппаратурамыз келді. Содан міне 2 оқу жылы болды соны қолданып, әр іс-шарамызды керемет өткізудеміз.

Білім саласына деген айырықша қолдаудың арқасында қазір ұстаздық жолын таңдайтын жастар көбейген.

Айман Дүйсенбаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі  орта білім беру комитетінің басқарма басшысы:

- Бұл өте қуантарлық жағдай. Мысалы, былтырғы жылы 1523 «Алтын белгі» түлегі біздің мамандықты таңдаса, биылығы жылы 1797. Сонымен қатар былтыр педагог мамандығына орташа 111 балл болса, қазір 115балл болып отыр. Яғни қазіргі таңда «Педагог мәртебесі» туралы заң өз нәтижесін көрсетіп отыр.  

Жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде аянбай тер төгетін ұстаз атты ұлы тұлғаның қоғамдағы мәртебесін көтеру тұрғысында игі істер жалғасын таба бермек.

Қамбар Бекенов, Абдулхамит Бөлекбаев, Қанат Маханбетов